Сауатты қаржы – сенімді қадам
Фото
Қаржылық сауаттылық – бүгінгі қоғамда әрбір азаматқа қажетті маңызды дағдылардың бірі. Әсіресе, жас буынның ақшаны тиімді басқаруды, кіріс пен шығысты дұрыс жоспарлауды және қаржылық шешімдерді саналы қабылдауды үйренуі аса маңызды. Осы бағытта Қосшы қаласында жастардың қаржылық білімін арттыруға арналған «Сауатты қаржы – сенімді қадам» тақырыбында танымдық кездесу өтті. Іс-шараға «Банк ЦентрКредит» мамандары қатысып, жастарға жеке қаржыны басқарудың негізгі қағидаларын түсіндірді. Кездесу барысында кіріс пен шығысты жоспарлау, қаражатты үнемдеу, қаржылық мақсаттар қою, сондай-ақ ипотекалық бағдарламалардың мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпарат берілді.
Кездесудің спикерлері – клиенттерге қызмет көрсету жөніндегі маман Айгерім Хисамутдинова мен ипотека жөніндегі маман Диана Құсайынова. Мамандар қаржы саласындағы тәжірибелерімен бөлісіп, күнделікті өмірде кездесетін қаржылық мәселелерге қатысты пайдалы кеңестер ұсынды. Шараның негізгі мақсаты – жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру, ақшаны тиімді басқаруға үйрету және болашақта дұрыс қаржылық шешім қабылдауына бағыт-бағдар беру.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Әсіресе, жинақ қалыптастыру, несие алу кезіндегі жауапкершілік пен ипотекалық бағдарламалардың талаптары жастардың қызығушылығын тудырды.
Кездесуге қатысушы жастардың бірі өз пікірін білдірді:
«Бүгінгі кездесу мен үшін өте пайдалы болды. Қаржылық сауаттылық тек ақшаны үнемдеу ғана емес, оны дұрыс жоспарлап, болашаққа мақсат қоя білумен байланысты екенін түсіндім. Әсіресе, кіріс пен шығысты бақылау, қаражат жинау және несие алудағы жауапкершілік туралы айтылған кеңестердің маңызы зор. Осындай кездесулер жастардың қаржыға деген көзқарасын қалыптастыруға көмектеседі деп ойлаймын», – деді.
Жалпы, мұндай танымдық кездесулер жастардың экономикалық білімін жетілдіріп қана қоймай, олардың қаржылық жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді. Өйткені қаржыны сауатты басқару – тұрақты болашаққа бастайтын сенімді қадам.
Пікірлер (0)