Ақмола облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс мектебі ашылды

Жаңалықтар
view 25
news

Фото ресми дереккөзден

Көкшетауда әдеп жөніндегі уәкілдер мен комплаенс-қызметтердің мамандарына арналған алғашқы оқыту семинары өтті,- деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

«Esti Urpaq – Саналы ұрпақ» жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шараға мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың 200-ден астам өкілі қатысты. Семинар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, ашықтық пен адалдық қағидаттарын нығайту арқылы қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға бағытталды.

Семинардың мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмысты жетілдіру, комплаенс жүйесін дамыту және мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрқат Батырқұлов комплаенс-қызметтердің тиімділігі мамандардың кәсіби даярлығына тікелей байланысты екенін атап өтті.

Әдеп жөніндегі уәкілдердің негізгі міндеті – құқық бұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмей, ұжымда адалдық пен әдеп қағидаттарын орнықтыру. Комплаенс мектебі осы бағыттағы білімді жүйелеп, мамандардың құзыретін арттыруға мүмкіндік береді, – деді ол.

Департамент басшысының орынбасары Райхан Братаева бүгінде әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметі түсіндіру және кеңес беру жұмыстарына басымдық беріп отырғанын айтты.

Қызметкерлер заң талаптары мен әдеп нормалары бойынша дер кезінде кеңес алып отырса, құқық бұзушылықтардың алдын алуға болады. Семинар барысында берілген тәжірибелік білім бұл жұмысты өңірлерде тиімді ұйымдастыруға ықпал етеді, – деді Райхан Братаева.

Семинардың тәжірибелік бөлімінде комплаенс саласының сарапшылары Ерасыл Жәрдемов пен Ерлаз Жайықбаев ұйымдардағы ішкі бақылау жүйесін жетілдіру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және бағалау тетіктері жөнінде дәріс оқыды. Қатысушылар нақты мысалдар арқылы тәуекелдерді басқарудың заманауи тәсілдерімен танысты. Іс-шара соңында сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылып, қатысушылар өздерін қызықтырған мәселелер бойынша сарапшылардан жауап алды. Оқу қорытындысы бойынша тыңдаушыларға сертификаттар табысталады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс мектебінің жұмысы алдағы уақытта да жалғасады. Жыл соңына дейін өңірдегі шамамен 300 ұйымның мамандарын қамтитын оқыту семинарларын өткізу жоспарланып отыр. Бұл комплаенс және әдеп мәселелеріне жауапты қызметкерлердің кәсіби әлеуетін арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *