Ақмола облысының спортшылары қысқы Азия ойындарында жоғары нәтиже көрсетті

Жаңалықтар
view 303
news

Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Осы жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытайдың Харбин қаласында IX қысқы Азия ойындары өтті. Қазақстан құрамасының сапында Ақмола облысынан 14 спортшы өнер көрсетті. Олар шорт-трек, шаңғы жарысы, биатлон және шайбалы хоккейден ел намысын қорғап, елге 11 медальмен оралды. Бұл туралы Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендин брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Аталмыш жарыста спортшылар 6 спорт түрінен 11 тәртіп бойынша бақ сынасып, барлығы 64 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан 20 медаль жеңіп алып, төртінші орынға тұрақтады. Оның ішінде ақмолалық спортшылар 11 медаль еншілеп, елге  2 алтын, 6 күміс және 3 қола жүлде алып келді.

«Шорт-трек бойынша Қазақстан құрамасы үш эстафеталық жарыста 1 алтын және 2 күміс медаль жеңіп алды. Бұл жетістіктерге ақмолалық спортшылар да өз үлестерін қосты. 5000 метрлік ерлер эстафетасында Денис Никиша мен Мерсаид Жақсыбаев алтын медаль иеленді. Әйелдер арасындағы 3000 метрлік эстафетада Ольга Тихонова мен Яна Хан, сондай-ақ аралас 2000 метрлік эстафетада Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев, Яна Хан және Ольга Тихонова күміс жүлде жеңіп алды», деді Ардақ Төлендин.

Шаңғы жарысынан  Ақмолалық спортшылар  4 медальға қол жеткізді. Константин Борцов спринттік жарыста күміс жүлдегер атанды. Әйелдер эстафетасында Надежда Степашкина мен Ксения Шалыгина күміс медаль иеленді. 10 шақырымдық жеке жарыста Олжас Климин қола медаль жеңіп алса, ерлер эстафетасында Константин Борцов пен Олжас Климин тағы бір қола жүлдеге ие болған.

Биатлон сайыстарында   да Қазақстан құрамасы  жоғары көрсеткішке жетті. Бұл спорт түрінен 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Ақмола облысының төрт спортшысы осы жетістіктерге үлес қосты. Вадим Куралес спринттік жарыста күміс медаль иеленді. Ерлер эстафетасында Александр Мухин күміс жүлдегер атанса, әйелдер эстафетасында Арина Крюкова қола медаль жеңіп алды.
Азия ойындарының соңғы күнінде Қазақстан ерлер құрамасы шайбалы хоккейден алтын медаль жеңіп алды. Құрама сапында «Арлан» хоккей клубының ойыншылары Эдуард Михайлов пен Денис Чапоров өнер көрсетті.

«Ақмола облысында қысқы спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Өңірде спортшылардың халықаралық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтиже көрсетуі үшін барлық қажетті жағдай жасалуда. Бұл жолғы қысқы Азия ойындарындағы көрсеткіш 2017 жылы Жапонияның Саппоро қаласында өткен VIII Азия ойындарымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Ол кезде облыс спортшылары тек екі спорт түрінен 6 медаль (4 күміс, 2 қола) жеңіп алған еді», деп толықтырды спикер.

Айта кету керек, Харбиндегі Азия ойындарындағы өнер көрсету – 2026 жылы Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарына дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі. Ақмола облысы спорттың бұл түрлерін одан әрі дамыту үшін жүйелі жұмыс жүргізетін болады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *