Ақнәр ісінде есімі аталған қыз жұрт алдына шығып, мәлімдеме жасады
Коллаж: Dalanews.kz
Ақнәр Гүлстан ісінде есімі аталған қыз жұрт алдына шығып, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпараттық агенттігі Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
21 жастағы Рана есімді қыздың айтуынша, Ақнәр Гүлстанның анасының мәлімдемелері шындыққа жанаспайды.
"Ақнәр Гүлстанның анасы мені және Дидар деген кісіні өлтірушілер деп айтып жатыр. Бірақ бұл шындыққа сәйкес келмейді. Ол шындық емес", - деді ол.
Оның сөзінше, үшеуі де Қазақстандағы белгілі университет қабырғасында танысқан, Ақнәрмен бір курста оқыған.
"Арамызда ешқандай келіспеушілік болған жоқ. Достығымыз өте жақын болды. Туған күн өткізсем олар келетін", - деді ол.
Рана былтыр анасы көз жұмып, соның салдарынан күйзеліске түскенін айтты. Оның сөзінше, кейін екі қыз хабарласып, оның көңілін сұрап келген.
"18 шілдеде Ақнәр мен Дидар хабарласып, "көңіл сұрап жиналайық" деді. Екеуі мені бір мейрамханаға шақырды. Сол мейрамханада тамақтандық. Өте көп тамақ тапсырыс бергендіктен, тамақ қалды. Кейін "Дидардың үйіне жиналайық" деп шешім қабылдадық. 2024 жылы 19 шілдеде кешкі сағат 20.40-та Дидардың үйіне келдік. Ақнәр ішімдік сатып алуды бірінші өзі ұсынды. Біз де келістік. Көңіл күйімізді көтерейін деп сыра, шампан және соджу тапсырыс бердік. "Мен дәрі қабылдап жүрмін, аздап ішемін" дедім. Үшеуміз тамақтандық, қыздар сыра ішті. Мен ауырып жүргендіктен шампан іштім. Кейін музыка қойып, биледік. Дидар оны видеоға түсірген", - деді қыз.
Оның сөзінше, полиция ішімдікке байланысты сараптама жүргізгенде өзінен 0 деген, Дидар есімді қыздан 0,003 деген нәтиже шығарған. Есірткі бойынша да сараптама алынып, теріс нәтиже шығарған.
"Ақнәр жаймен ұйықтап бастайды. Сол кезде біз "телефоныңның құпиясөзін айтшы, үйіңдегілерге хабарласайық" дедік. Ақнәр құпиясөзін берді. Біз үй-ішіне хабарласқымыз келді. Бірақ мен "ұйықтап жатыр ғой, әрі қарай да ұйықтай берсін, ертең үйіне қайтар" дедім. Біз залда отырдық, Дидар екеуміз әңгіме айтып отырдық. Бір кезде Ақнәр кенет тұрып, шыңғырып бастады. Екі көзі қып-қызыл. Шошып кеттім. Жүгіріп бардым. "Не болды?" дедім. Ол мені шапалақпен ұрып, құлатты. Дидар да шошып, Ақнәрге барды, оны да шапалақпен ұрды. Бірдеңе дұрыс емес екенін білдік. Ол бастап өз-өзіне қол жұмсағысы келді, біз оны ұстадық. Ол шыңғырып бастайды, біз тыныштандырамыз. Ол бізді ұрғысы келді. Маған "сенің анаң тозақта" деді. Түсінбей қалдым. Әкемді айтып, бүкіл отбасымды қарғап бастайды. "Қате, қате" деп айттым. Оның аузын жауып отырдым, жылап отырдым. Ол сүре оқып бастайды. "Жын кірген сияқты" деп қалдық", - дейді видеода қыз.
Оның сөзінше, Ақнәр өзіне шабуыл жасап, басынан, денесінен ұрған, бетінен тырнаған.
"Сол сәтте Дидар дәретханаға қашты. Ағасына аудио жібереді. "Ақнәр қасымыздағы бір қызды өлтірейін деп жатыр" дейді. Ол түсінуге өте оңай. "Біздің қасымыздағы бір қызды өлтіріп жатыр" дейді", - деді Рана.
Ол кейін ас бөлмесіне қашқанын, Ақнәр артынан жүгіріп келгенін, өзін ұрып-соққанын айтады.
"Кейін жүгіріп, үйдің екінші дәретханасына барып, тығылдым. Дірілдеп отырдым. Мұндай жағдай өмірімде болып көрген жоқ. Ақнәр секіріп кететінін ойламадым. Дәретханада 3-5 минут отырдым, біреу есікті қақты. Дидардың даусын естідім. Менен "Ақнәр қайда?" деп сұрады. "Ақнәр ас бөлмеде" дедім. Ас бөлмесіне барсақ жоқ екен. Бір жерге тығылып қалған шығар дедім. Залда да болмады. Залды қарап жатқан кезде полиция есік қақты. Есікті ашқанда "сіздердің пәтерлеріңізден бір қыз құлап түсті" дейді. Сол кезде сенбедім. Өзіне қол жұмсайды деген ой болмады. Ішпеген кезде жақсы қыз болды, мақсаты болды. Секіргенін естіген кезде таңғалдым", - дейді видеодағы қыз.
Еске салайық, Алматыда 2024 жылы 20 шілдеде Ақнәр Гүлстан көпқабатты тұрғын үйдің жетінші қабатынан құлап, қайтыс болған. Тергеу бұл оқиғаны "өзін-өзі өлтіру" бабымен тіркеген. Алайда жақындары Ақнәрдің жетінші қабаттан құлап кеткеніне сенбейді. Олардың сөзінше, марқұм қаза тапқанға дейін денесінде азаптау белгілері болған.
Кейінірек марқұмның анасы Гүлстан Қамит Алматы қалалық тергеу органдары мен прокуратурасы бұл істі жеңіл баппен өзіне өзі қол жұмсауға итермелеу деп бағалап, шынайы тергеу жүргізбей отырғанын мәлімдеді.
Ал Алматы қалалық ПД мәліметінше, тергеу басқармасы былтыр шілдеде Алматы тұрғынының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғаған.
Пікірлер (0)