Алғашқы хабар 11:20-да келіп түсті, сол кезде Бакуден Грозныйға бағыт алған ұшақ Ақтауда жедел қону үшін сұраныс жасағаны туралы айтылды.
Грозный әуежайының баспасөз қызметі мәліметіне сәйкес, ұшақтың бағытын өзгертуге қалың тұман себеп болған. Ұшақ алдымен Махачкалаға, содан соң Ақтауға қайта бағытталған.
Бастапқыда ұшақтың жайсыз қонғаны туралы хабарлар келіп түсті, кейін ұшақтың құлағаны туралы мәліметтер пайда болды. Апат орнынан кадрлар да жарияланды.
БАҚ мәліметінше, апаттың себебі – ұшақтың құстарға соғылуы.
Алдын ала ресми ақпарат бойынша, ұшақта 67 адам болған. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жолаушылар арасында тірі қалғандар бар.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ұшақ апаты болған орынға 14 жедел жәрдем бригадасы аттанғанын айтты.
"Республикалық штаб құрылды. Оқиға орнына вице-министр ұшып кетті, тағы бір вице-министр осында жұмысты үйлестіріп жатыр. Қазір санавиация ұшақтарын даярладық, оларды травматологтар мен нейрохирургтерді жіберу үшін қолданамыз, қажет болған жағдайда, оларды шығарамыз", - деп мәлімдеді Әлназарова Мажилис кулуарларында.
Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, ұшақ апатынан кейін 12 адам (оның ішінде бір бала) әртүрлі жарақаттармен облыстық ауруханаға жеткізілген.
Қазіргі уақытта Ақтаудағы ұшақ құлаған жердегі өрт сөндірілген. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Арнайы тергеу жүргізілетіні хабарланды.
Flightaware деректері бойынша, ұшақ жоспарланған уақыттан 11 минут бұрын ұшып шыққан. Каспий теңізінің үстінде ұшақ "құтқару жағдайы" (emergency squawk 7700) сигналын берген.
Пікірлер (0)