Ауыл жастары арасынан медицинаға қызығушылар көбейіп келеді – дәрігер
Фото: спикердің жеке мұрағатынан
Ауыл десе, көбіне есімізге инфрақұрылымы тозған, медицинасы тұралаған шалғайдағы елді мекендердің түсетіні жасырын емес. Алайда мемлекет тарапынан тозығы жетіп, тоз-тозы шықпай тұрған ауылдарға қамқорлық көрсетіліп жатқанын да жоққа шығармаймыз. Жалпы, алыста ауырып ем іздеген жұртқа ақ халатты абзал жандар дер кезінде көмек қолын созып жүр ме? Біз осы тақырыпта айтары бар білікті дәрігер, ауылдан шығып, ТМД-ға танылған маман Жанна Сүлейменованы әңгімеге тарттық, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
– Жанна Амангелдіқызы, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау жүйесі туралы не айтасыз? Даму бар ма?
– Ауылдағы медициналық инфрақұрылым соңғы жылдары бірқатар жаңғыртудан өткеніне қарамастан, күрделі мәселелер әлі де бар. Негізгі қиындықтар – кадр тапшылығы, материалдық-техникалық базаның әлсіздігі, медициналық қызметтерге қолжетімділіктің төмен болуы және жедел шешімдерді қажет ететін логистикалық кедергілер. Әсіресе шалғай ауылдарда дәрігерлік пункттер әлі де минималды мүмкіндіктермен ғана жұмыс істеп отыр.
– Кадр тапшылығы мәселесін жиі айтамыз. Бұл бағыттағы нақты жағдай қандай?
– Бірнеше фактор бар. Біріншіден, жас мамандардың басым бөлігі қалада қалуға тырысады. Кезінде өзіміз де сөйттік. Себебі кәсіби өсуге, қосымша білім алуға мүмкіндік мол. Екіншіден, ауылдағы тұрмыс жағдайы – мектеп, балабақша, жол, интернет сапасы маманның ұзақ мерзімге қалу-қалмауына әсер етеді. Үшіншіден, ауыл дәрігерлерінің жүктемесі жоғары. Бір маман бірнеше саланың жұмысын қатар атқарып жатады. Мұның бәрі кадр тапшылығын тереңдетіп отыр.
– Медициналық құрал-жабдық мәселесі де өзекті ғой?
– Ауыспалы. Кейбір тірек ауылдарға жаңа диагностикалық аппараттар орнатылып жатыр. Бірақ кіші ауылдарда рентген, ультрадыбыс аппараты сияқты базалық жабдықтың өзі жоқ. Көп жағдайда ауыл тұрғынына аудан орталығына барып тексерілуге тура келеді. Әсіресе қыста жол жабылғанда жоспарлы тексерулер кейінге қалып қояды.
– Жедел жәрдем қызметінің жұмысы туралы не айтар едіңіз?
– География – ең үлкен кедергі. Аудан орталығы мен шалғай ауыл арасындағы қашықтық кейде 60-100 шақырымға дейін жетеді. Жолдың сапасы нашар болса, жедел жәрдемнің уақытында жетуі қиындайды. Ауыл ішінде де жылдам әрекет ететін мобильді фельдшерлік бригадалар жетіспейді. Сондықтан инфаркт, инсульт, босану сияқты шұғыл жағдайларда уақыт жоғалту қауіпті.
– Соңғы жылдары телемедицина жиі айтылып жүр. Бұл ауыл үшін тиімді шешім бола ала ма?
– Әрине, телемедицина – үлкен мүмкіндік. Бірақ ол толық іске асу үшін екі шарт қажет. Ол – мықты интернет және тиісті аппараттар. Кей ауылда интернет жылдамдығы онлайн консультация өткізуге жеткіліксіз. Дегенмен интернеті жақсы ауылдарда телемедицина өз тиімділігін дәлелдеп отыр. Ауыл дәрігері бейнекеңес арқылы қаладағы салалық мамандардан жедел кеңес алады. Бұл диагностиканы да, ем тактикасын да айтарлықтай жақсартады.
– Ауыл тұрғындарының өз денсаулығына деген көзқарасы туралы не айтар едіңіз? Скрининг, профилактика деңгейі қандай?
– Мәдени тұрғыдан ауылда «ауырмайынша дәрігерге бармау» ұстанымы әлі де бар. Скринингтік тексерулерге қатысу деңгейі қаламен салыстырғанда төмен. Оның үстіне профилактикаға арналған түсіндіру жұмыстары жеткілікті емес. Егер алғашқы медициналық көмек ұйымдары, ауыл әкімдігі және мектеп, мешіт сияқты қоғамдық орындар бірлесіп, ақпараттық кампания жүргізсе, нәтиже әлдеқайда жақсы болар еді.
– Жалпы ауыл медицинасын жақсарту үшін қандай шаралар қажет деп ойлайсыз?
– Мына үш бағытты айтар едім. Кадр саясаты – ауыл дәрігерлеріне тұрғын үй, жоғары жалақы, грантпен оқу, біліктілікті арттыру мүмкіндігін ұсыну, «дәрігер-мейіргер-фельдшер» командалық моделін енгізу. Содан соң инфрақұрылым мен техника – шағын амбулаторияларды цифрлық жабдықтармен жаңарту, аудан орталықтарына дейінгі жолдардың сапасын бірінші кезекте жөндеу. Үшіншісі – қауымдастықпен жұмыс. Онда тұрғындарды профилактика мәдениетіне тарту, скрининг пен мамандардың көшпелі қабылдауын күшейту қажет болады.
– Сонымен, ауылдағы денсаулық сақтау жүйесінің дамуынан үміт бар ма?
– Ең бастысы, мемлекет тарапынан ауылды дамытуға бағытталған бағдарламалардың жүйелі түрде жүзеге асуы керек. Сондай-ақ ауыл жастары арасынан медицинаға қызығушылар көбейіп келеді. Егер бұл жастар оқып, ауылдарына оралатын болса, жүйенің болашағы бар. Енді қазіргі реформалардың нәтижесі 5-10 жылда айқынырақ көрінеді ғой.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ерік ЕЛЕУСІЗ
Пікірлер (0)