«Бізді аса қатты әлеуметтік жарылыс күтіп тұр»: Досым Сәтпаев билікке ескерту жасады
Фото ашық дереккөз
Қазақстандағы шағын және орта бизнестің (ШОБ) жұмыс орындарын қысқарту әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін. Мұндай пікірді саясаттанушы Досым Сәтпаев білдірді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ
Саясаттанушының пікірі
Досым Сәтпаевтың айтуынша, жұмыс орындарының ықтимал қысқаруы елде жүргізіліп жатқан салық реформасымен байланысты.

"Болжам бойынша, 2030 жылға қарай еңбек нарығына шамамен 1 млн 700 мың жас азамат қосылуы тиіс. Сол уақытқа дейін бізде олардың барлығына жұмыс табылатын еңбек нарығы қалыптасады ма? Егер ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі шағын және орта бизнесті жойып жіберсе, бұл – нағыз апат! Өйткені қазір ШОБ 4 млн қазақстандықты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Ал егер оған тағы 2 миллион жұмыс іздеуші қосылып, бірақ олар өзіне лайық жұмыс таба алмаса, онда бізді аса қатты әлеуметтік жарылыс күтіп тұр", – деді саясаттанушы.
Контекст
Қазақстанда бюджет тапшылығын еңсеру мақсатында салық реформасы талқыланып жатыр. Үкімет қосылған құн салығының (ҚҚС) негізгі мөлшерлемесін 16% деңгейінде белгілеуді, бірқатар басым салалар үшін төмендетілген 10% мөлшерлемесін енгізуді және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін бұл салықтан босатуды ұсынып отыр.
Сонымен қатар, ҚҚС бойынша есепке қою шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету және қолданыстағы арнайы салық режимдерін реформалау ұсынылуда.
Пікірлер (0)