Елімізде айыппұлдар мен утиль алымы тағы қымбаттайтын болды

Жаңалықтар
view 74
news

Фотосурет: janabastau.kz

Қазақстанда «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңге болып бекітіледі. Бұл қазіргі 3 932 теңгеден 10 пайыз артық, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Осыған байланысты жүргізушілерге салынатын айыппұлдар, утиль алымы, автокөлікті тіркеу төлемдері мен сақтандыру құны қымбаттайды.

Мәселен, жылдамдықты 10-20 шақырым/сағаттан асырған, қауіпсіздік белдігін тақпаған немесе тоқтау ережесін бұзғандарға салынатын 5 АЕК айыппұл 21 625 теңгеге жетеді. Қазір ол 19 660 теңге болып тұр. Ал бағдаршамның қызыл түсіне өткен немесе мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған орынға көлігін қойған жүргізуші 10 АЕК (43 250 теңге) айыппұл төлейді. Жүргізуші куәлігінсіз рөлге отырған немесе жол апаты орнынан кетіп қалған азаматтарға тиісінше 50 АЕК айыппұл салынатын болды. Яғни ол – 196 600 теңгеден 216 250 теңгеге өседі деген сөз.

Сонымен қатар утиль алымы бойынша базалық мөлшерлеме 50 АЕК болып, 216 250 теңгені қамтиды. Осыған сәйкес қозғалтқыш көлемі 1000 текше сантиметрге дейінгі жеңіл автокөлікті елге кіргізу үшін 324 375 теңге, 1001-2000 см³ көлемді көлік үшін 756 875 теңге, 2001-3000 см³ қозғалтқышы бар машина үшін 1 081 250 теңге, ал 3 литрден жоғары автокөлік үшін 2 486 875 теңге төлеу міндеттелмек. Есесіне елге электромобиль әкелгендер утиль алымынан босатылады.

Келесі жылы автокөлікті тіркеу құны да өскелі тұр. Алғаш тіркеу кезінде ең төменгі төлем 983 теңгеден 1 081 теңгеге көтерілсе, шыққанына 3 жыл толмаған көлік үшін төлем 216 250 теңгені қамтиды. Ал 3 жылдан асқан көлікті алғаш тіркеу құны 1 966 000 теңгеден 2 162 500 теңгеге өседі.

Бұған қоса сақтандыру полисінің бағасы да өзгереді. Себебі оның мөлшері АЕК-пен есептеледі. Ал базалық сақтандыру сыйақысы 1,9 АЕК болады. Қаржы нарығын реттеушілер жүргізушілердің сақтандыру класындағы коэффициентін қайта қарастыруды жоспарлап отыр. Демек полис бағасы да айтарлықтай өзгеруге тиіс.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *