«Олармен нанға да барады»: СҚО-да шенеунік қызметтік көлікпен демалуға шыққан
Фотосурет: РИА Новости/Алексей Куденко
Солтүстік Қазақстан облысында Жамбыл аудандық бөлім басшысы Дархан Смаилов қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланып, орманда демалу кезінде әдеп кеңесінің назарына ілікті, деп хабарлайды JANABASTAU,KZ ақпарнат агенттігі.
Жергілікті қоғам белсендісі көргендерінің бәрін ұялы телефонына түсіріп алған. Оның кадрына от жағып отырғандар мен айналаға тасталған қоқыс та түсіп қалған. Мұндай әрекетке наразы болған азамат әсіресе әкімдікке тиесілі мемлекеттік нөмірлі көлікті көрген соң, бұл жағдайды мемлекеттік қызмет істері департаментіне жеткізген.
Оқиға 17 шілденің кешінде болған. Ол кезде жұмыс уақыты аяқталып қойған еді. Бұл жағдай Жамбыл ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дархан Смаиловқа қатысты болып отыр. Сол күні ол жүргізушісіз болып, жаңа KIA Rio автокөлігін өзі айдаған. Енді оның қызметтік автокөлікті жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін жеке мақсатта пайдаланғаны үшін заң алдында жауап беруіне тура келіп тұр.
Мемлекеттік қызметшілердің ормандағы отырысына байланысты бүгін өткен әдеп жөніндегі кеңес отырысында Дархан Смаиловқа қатаң сөгіс беру ұсынылған.

2025 жылдың 17 шілдесінде сағат 19:32-де Дархан Смаилов пен Жамбыл ауданы әкімдігінің бірнеше қызметкері Пресновка ауылы маңындағы орман алқабында болған. Тексеру барысында қызметкерлердің өзі де бөлім басшысының демалыс орнына қызметтік көлікпен барғанын растады, – деді мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы Әсемгүл Бегалина.
Шенеунік кінәсін мойындап, қатты өкінгенін жеткізді.

Әкімдіктерге жаңа көліктер берілді. Ал оларды жеке меншік мүлкіндей пайдаланып жүр. Бұл мәселеге қатаң бақылау қажет. Жұмыс уақытынан тыс көліктер гаражда тұруы, барлық көлікке GPS қойылуы керек. Әйтпесе олармен нанға да барады, қайда керек болса, сонда айдайды, – дейді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы, этика кеңесінің төрағасы Ержан Қарымсақов.
Сонымен, этика кеңесі Дархан Смаиловқа қатаң сөгіс жариялауды бірауыздан қолдады.
Пікірлер (0)