«GREENPLAST» ПЛАСТИК ЕСІК-ТЕРЕЗЕГЕ СҰРАНЫС АРТУДА

Жаңалықтар
view 367
news

Осыдан он жыл бұрын Қосшы қаласында «Greenplast» пластик есік-терезе бұйымдарын шығаратын цех ашып, өз ісін бастаған Бекболат Турекеев бүгінде осы еңбегінің жемісін көріп отыр. Алғашында жұмысына қажетті құрал-жабдықтарды өз ақшасына сатып алып жүрген іскер азамат кейін мемлекеттен де тиісінше қолдау көрсетілгенін айтады.

Негізі цехты 2012 жылы ашқанымен, жұмыс 2014жылдан бастап қыза түскен. Бүгінде Қосшыда бұл цехтан шыққан дүниелерге деген сұраныс жоғары. Сондықтан кәсіпкер цех көлемін ұлғайтып, қосымша құрал-жабдықтар алуды жоспарлап отыр. Кәсіпкердің бүгінгі жұмыс жағдайы, болашақ жоспары туралы толық мәлімет алу үшін әңгімеге тарттық.

– Бекболат Бақытбайұлы, «Greenplast» пластик есік-терезе шығаратын цехты ашуға мемлекеттен қолдау көрсетілді ме? – Негізі, «Greenplast» пластик есік-терезе шығаратын цехты 2012 жылы ашқаныммен, жұмысты екі жылдан соң бастаған болатынбыз. Бастапқыда несие рәсімдеп, қажетті құрал-жабдықты сатып алдым. Сөйтіп, ісімді жүргізіп кеттім. Алғашында цех ашу үшін айтарлықтай қомақты қаражат жұмсамадым. Небәрі екі аппарат пен аз ғана шикізат алып, ісімді бастадым. Кейін жұмысым жүріп, сұраныс артқан сайын кәсіпті өрістете бастадым. Өткен жылы мемлекет тарапынан кәсіпкерге қолдау ретінде Даму қоры арқылы 6% жеңілдікпен несие алдым. Сөйтіп, құрал жабдықты жаңартқан болатынбыз. Қазір жаман емес, кәсібімнің арқасында пайдаға кенеліп жатырмын. Бастысы, мемлекетке салмақ салмай, өз-өзімді, еңбеккерлерімді жұмыспен қамтып отырмын. Өнімнің бұл түріне әлі де сұраныс жоғары. Уақытпен санаспай, барынша тұтынушы талабына сай өнім шығаруға күш салып жүрмін. Қазір нағыз құрылыстың қызып тұрған шағында тапсырыс саны да артып келеді. – Бүгінде шеберханада қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз? – Қазір тұрақты жұмыспен 3 адам қамтылды. Тұтынушылардың талғамынан шығып, тапсырысты дер кезінде сапалы әрі сәнді етіп орындау –басты ұстаным болып саналады. Сондықтан болар тапсырыс берушілер қатары күн санап артып келеді. – Тапсырыс берушілердің басым бөлігі қосшылық тұрғындар ма? – Иә, цех бұйымдарына Қосшы қаласының тұрғындары көптеп тапсырыс береді. Одан бөлек, Астана, Көкшетау қалаларын, Қосшыға іргелес жатқан ауылдардан да өтініштер қабылдаймыз. Өнімдерге деген сұраныс әр кезде әрқалай. Бізге жеке тұрғындардан бөлек, мекемелерден де тапсырыс жиі түседі. Қазір құрылыс саласы дамып жатқандықтан, есік-терезеге деген сұраныс жоғары. Ал бағалық саясатқа тоқталсақ, қолжетімді деп айта аламын. Тіпті кейде тұтынушының да жағдайына қараймыз. Бағасын түсіріп те беріп жатамыз. Бір жылда 200-250 адамның тапсырысын орындаймыз. Сапасы өте жақсы. Біз пластик есік-терезенің қажетті материалдарын Германиядан және Түркиядан алдыртамыз. Шынының өзіне 10 жылға дейін кепілдік беріледі. Сондықтан өнімге деген сұраныс артып, ел алғысына бөленіп отырмыз. Тұтынушыларым да риза, мен де табысыма қол жеткізіп жатырмын. Бұйыртса, тағы да қосалқы аппараттар алып, цехта өндірілетін өнім түрлерінің санын көбейту жоспарда бар. – Бір тапсырысты орындауға қанша уақыт кетеді? – Бұл тауар түрін шикізат келген бойда 5 күн ішінде дайындауға мүмкіндік бар. Тұтынушылар көбінесе түркиялық тауар түрін таңдайтындықтан, шикізат көзін де сол жақтан тапсырыспен алдырамыз. Ал пластик есік-терезелердің әйнектері саламандор деп аталады. Жел өтпейді, сапасы жоғары. Қазіргі таңда біз тұтынушы талабына сай есік-терезелердің шаршы метріне орай тапсырыс алудамыз.  – Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз? – Әрине, алға қойған жоспарымыз көп. Біздің компания тауардың сапасына ерекше мән беретінін атап өттім. Сол себепті де сұраныс артып келеді. Алдағы уақытта құрал-жабдықты жаңартып, кәсіп көлемін кеңейтуді көздеп отырмыз. Жұмысшы санын арттыру да басты жоспарымыздың бірі. Сондай-ақ өз елімізді қамтамасыз етіп қана қоймай, тауарларымызды шетелдерге де экспорттау жоспарда бар. Шынын айту керек, бүгінгідей бейбіт заманда қандай кәсіп істеймін десең, мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Тек көзін тауып, тірлік етсең болғаны, әркімнің маңдайында жазылған несібесі болады. Сондықтан алдағы уақытта, мемлекеттік бағдарламаға тағы да қатысып, жаңа құрал-жабдық санын арттыруды мақсат еттік. Меніңше, өмірде дүниенің соңына жеткен ешкім жоқ, керісінше дүниені адам өзінің соңынан ілестіре білуі керек, яғни жүрегіне дүниені кіргізбеген дұрыс. Сондықтан елге пайдалы ісімізді кеңейту басты жоспарым болып саналады. – Әңгімеңізге рақмет! Игі істеріңізге табыс тілеймін!

Түйіндей айтқанда, қазір бәсекенің заманы. Кім бәсекеге қабілетті, кімнің өнімі сапалы, жарнамасы жақсы – соның тауары өтімді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деп, адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударған болатын. Осы тұста Қосшы қаласында 10 жылдан бері сапалы өнімді шығарып еңбек етіп жатқан кәсіпкер Бекболат Бақытбайұлының кәсібі тек өркендей берсін деген тілек бізден болсын! Еске сала кетейік, пластик есік, терезеге тапсырыс беремін десеңіз, +7 707 752 9989 нөміріне хабарласуға болады. Егер Jana bastau газеті арқылы хабарлассаңыз, арнайы жеңілдік қарастырылған.

 Салтанат Есенқұлова

Азиза Өтеулиева

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *