Ғылым ордасы: Ұлттық руханияттың негізін қалаған үш алып – әл-Фараби, Шоқан, Абай мұрасы талқыланды

Жаңалықтар
view 55
news

Фото: Ғылым ордасы

Бүгін Ғылым ордасында «Қазақстанның ғылым мен мәдениет тарихының үш алыбы: “Әл-Фараби – Шоқан – Абай” руханият тәрбиесінің темірқазығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Конференция ғылым мен өнер тоғысындағы ұлт руханиятының үш ірі тұлғасы – әмбебап ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің (1155 жыл), көрнекті ағартушы, ғалым және этнограф Шоқан Уәлихановтың (190 жыл) және қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, ойшыл Абай Құнанбайұлының (180 жыл) мерейтойларына арналды. Іс-шара «Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» бағдарламасы мен «Әл-Фараби трактаттарындағы педагогикалық мұраларын қазіргі білім жүйесіне кіріктірудің ғылыми-әдістемелік негіздері» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Конференция жұмысына «Ғылым ордасы» РМК бас директорының орынбасары Азамат Нұршанов, Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Бас консулдығы Иран мәдени орталығының атташесі Ағазаде Хусейн, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының өкілдері, мәдениет және білім саласының қызметкерлері, абайтанушы және фарабитанушы ғалымдар, жас зерттеушілер, сондай-ақ әл-Фараби атындағы №145 мектеп-гимназия мен М. Базарбаев атындағы №138 гимназияның оқушылары қатысты.

Іс-шара барысында Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбасы негізінде әзірленген «Абай. Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбаларына сүйеніп жасалған транскрипция» кітабының тұсаукесері өтті. 

Конференция аясында Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген «Білім алушылардың ғылыми-танымдық құзыретін дамыту» әдістемелік ұсынымдары мен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде «Әл-Фараби педагогикасы және заманауи білім берудегі басқарудың жаңа модельдері» тақырыбында баяндамалар тыңдалды. 

Іс-шара барысында әл-Фараби, Шоқан және Абайдың рухани құндылықтары, Абайдың «Толық адам» ілімі, Шоқан еңбектеріндегі тарихи мәселелер, Ясауи мен Абай ілімдерінің рухани сабақтастығы, сондай-ақ шығыс классикалық поэзиясының дәстүрі мен оның қазақ руханиятындағы орны жан-жақты талқыланды. Қатысушылар ұлттық рухани мұраны сақтау және дәріптеу, ғылым мен өнер сабақтастығын нығайту, сондай-ақ заманауи білім берудегі инновациялық тәсілдерді енгізу мәселелері бойынша ұсыныстарын білдірді. 

Конференцияның ғылыми-тәжірибелік бөлімінде жас зерттеушілер өз жобаларын таныстырып, негізгі нәтижелерімен бөлісті.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *