Ғылым – ұлт дамуының басты капиталы: Отандық зерттеулерді ілгерілету жолдары қандай

Жаңалықтар
view 6
news

Фото: BAQ.KZ

XXI ғасырда елдер арасындағы бәсеке әскери немесе экономикалық қуатпен ғана емес, ғылым мен технологияны игеру деңгейімен өлшенеді. Инновацияны дамытқан мемлекет қана әлемдік нарықта өз орнын сақтап, жаңа мүмкіндіктерге ие бола алады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Қазақстан үшін де бұл бағыт стратегиялық маңызға ие. Президенттің реформаларында ғылымды қолдау, жоғары білімді жаңғырту, зерттеулерді коммерцияландыру және жас ғалымдардың әлеуетін ашу – ел дамуының басты мақсаттарының бірі ретінде белгіленді.

Бүгінгі мақаламызда отандық ғылымның қазіргі ахуалы, жетістіктер, сын-қатерлер және болашаққа бастайтын нақты жолдарына талдау жасап көрмекпіз.

Қазақстан – посткеңестік кеңістікте ғылыми әлеуетін ең көп сақтап қалған елдердің бірі. Елімізде 20-дан астам ғылыми-зерттеу институты, 120-дан астам жоғары оқу орны, 22 мыңнан астам зерттеуші жұмыс істейді. Физика, химия, биотехнология, геология, математика, IT, космостық зерттеулер секілді бағыттарда әлі де мықты мектептер қалыптасқан. Дегенмен қазіргі ғылыми-инновациялық бәсеке бұрынғыдан әлдеқайда өзгеше.

Қазақстан ғылымының басты қиындықтары да жоқ емес. Мәселен, әсіресе, іргелі ғылымда қаржыландырудың жеткіліксіздігі, зерттеушілердің жасының өсуі, жас ғалымдардың аздығы; ғылыми инфрақұрылымның ескіруі; зерттеулерді бизнеске енгізудің баяулығы; әлемдік ғылыми айналымдағы белсенділіктің төмендігі өз әсерін тигізбей қоймайтыны белгілі. Бұл мәселелерді шешу – ғылымның ғана емес, ел дамуының маңызды алғышарты.

Дегенмен Қазақстан ғылымының айтулы жетістіктері де аз емес. Қиындықтарға қарамастан, соңғы 10 жылда Қазақстан ғылымы бірқатар салада айтарлықтай серпіліс жасады. Қазақ ғалымдары сібір жарасына қарсы жаңа вакцина әзірледі. Гендік инженерия бағытында бірқатар халықаралық зертханамен консорциумдар құрылды. Онкология, вирусология салаларында жаңа диагностикалық тест-жүйелер жасалды. Машиналық оқытуға негізделген қазақ тіліндегі NLP-модельдер әзірленіп жатыр. Киберқауіпсіздік саласында халықаралық патент алған стартаптар пайда болды. «Smart City» жобаларына отандық алгоритмдер енгізіліп жатыр.

Қазақстандық геологтар жер қойнауын 3D моделдеу технологияларын енгізіп, барлау жұмыстарын тиімдірек етті. Уран өндірісіндегі қауіпсіздік пен тазарту технологиялары жаңартылды. Қуаңшылыққа төзімді тұқымдар жасалып, егістіктің өнімділігі артты. Ветеринарлық зерттеулерде жаңа дәрілік препараттар мен вакциналар шығарылды.

Бұл жетістіктер – ғылымға салынған инвестиция, өзін толық ақтай алатынын айқын дәлелдейді деп сенеміз.

Ғалымдар айтқандай, зерттеудің құны тек зертханада емес, оны қоғам қалай қабылдайтынында болса керек. Қазіргі ақпарат ағынында ғылыми нәтижені көпшілікке қарапайым, қызықты, анық тілмен түсіндіргеніміз жөн. Мұны жүзеге асыру үшін Pop-science форматындағы мақалалар, видео, деректі фильмдер; университеттерде ашық дәрістері; арнайы лекторийлер мен подкасттар және ғылыми фестивальдер ұйымдастыру қажет. Десе де қазірдің өзінде «Qazaq Science», «Steppe», «Baribar» сияқты платформаларда ғылымды танымал ету басталды, бірақ бұл бағытты күшейте түскен дұрыс.

Ғалымдардың әлеуметтік желілерде белсенді болуы, зерттеулерін қолжетімді түрде жариялауы да жастардың ғылымға қызығушылығын арттырады. Отандық ғалымдардың TikTok, YouTube, Instagram желілерінде ғылыми контент жасауы – жаңа тренд қалыптастырады.

Қазақстанда ғылыми журналистика өте аз. Сол себепті бұл салада арнайы курстар ашу, білікті журналистерді ғылыми орталарға тәжірибеге жіберу, ғылыми медиаға гранттар бөлінсе, ғылымның танымдылығын арттырмаса, кемітпейтіні белгілі.

Соңғы жылдары Қазақстанда жас ғалымдарды қолдауға бағытталған көптеген бастама іске қосылды: жас ғалымдарға арналған гранттар көлемі ұлғайды; «Жас ғалым» ұлттық бағдарламасы арқылы 1000-нан астам жоба қаржыландырылады; докторантура мен магистратураға нақты ғылымдарға бөлінетін гранттар саны артты, Халықаралық ғылыми тағылымдамалар ашылды. Бұл, әрине, ғылымға жастардың ағылуына үлкен мүмкіндік.

Жас зерттеушілердің идеялары бизнеске айналуы үшін технопарктер мен инкубаторлар қажет. Қазақстанда: Astana Hub, Tech Garden, университеттік технопарктер, Биотехнологиялық орталықтар
жұмыс істейді.
Бұл орталықтар грант алып, зертханасын жабдықтап, өнімін нарыққа шығару мүмкіндігін береді.

Қазіргі жастар үшін ғылымға келу эмоциялық әрі қаржылық тәуекелі бар таңдау. Сондықтан оны тартымды ету үшін жалақыны көтеру, зерттеу инфрақұрылымын жаңарту, ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін арттыру маңызды.

Отандық ғылымның негізгі базасы – университеттер. Сондықтан жоғары білімнің сапасын арттыру стратегиялық міндет болса керек.

Дамыған елдерде университеттердің 40–60%-ы – зерттеу университеттері. Ал Қазақстанда бұл бағыт енді қалыптасып жатыр. Дегенмен университеттерді зерттеу орталықтарына айналдыру; студенттерді ерте кезден ғылыми жобаға тарту; халықаралық журналдарда жарияланымдарды көбейту қажет.

Университет демекші, бүгінде ЖОО-лар өз бағдарламаларын өздері құрып, әлемдік стандартқа жақындай бастады. Болашақта білім сапасын бақылаудың жаңа моделі, тәуелсіз аккредитациялық орталықтар, цифрлық білім беру құралдары кеңінен қолданыс табатын болады. Жаңа экономиканың талаптары: жасанды интеллект, деректерді талдау, биоинженерия, экотехнология, робот техникасы сияқты бағыттар дамытуды қажет етеді.

Дегенмен Қазақстан ЖОО-ларында дәл осы салаларға арналған жаңа факультеттер ашылып жатыр.

Ғылыми зерттеулердің мақсаты – тек теория емес, нақты өнім мен технология. Қазақстанда бұл бағыт енді дамып келеді. Десе де коммерцияландыруды жетілдіру үшін университет-бизнес байланысын күшейту, кәсіпорындарға ғылыми гранттар беру, өндірістік зертханалар ашу, бірлескен венчурлық қорлар құру қажет.

Ғылыми әлем – шекарасыз. Бүгінде Қазақстан ғалымдары CERN, Elsevier, Scopus, NASA, Жапония, Корея, Германия зертханаларымен ынтымақтастық орнатуда. Бұл бағытты кеңейту – әлемдік ғылыми кеңістікке шығудың ең тиімді жолы.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, Қазақстанның тұрақты дамуы, бәсекеге қабілетті экономикасы, ұлттық қауіпсіздігі – барлығы ғылыммен тікелей байланысты. Ғалымдарды қолдап, жас зерттеушілердің жолын ашып, қоғамда ғылыми мәдениетті қалыптастыра берсек, елдің интеллект капиталының деңгейін көрсетеді.

Бүгінгі таңда Қазақстанда ғылымды қаржыландыру артып келетінін, жас ғалымдарға мүмкіндік көбейіп, университеттер жаңарып жатқанын, халықаралық байланыс нығаюда екенін айта кеткен жөн. Ең бастысы – қоғамның ғылымға деген көзқарасы өзгеріп келеді. Сол себепті ғылымға тек зертхана секілді қарамай, елдің болашағын анықтайтын күш екенін түсінетін уақыт жетті.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *