Көкшетауда 300 орындық студенттер үйі ашылды

Жаңалықтар
view 54
news

Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары Қазақ педагогикалық колледжінің студенттері үшін заманауи жатақхана бой көтерді. Енді жастар жатақханада ыңғайлы жағдайда тұрып, сабақтарына дайындалып, ұжымда өмір сүруді үйренуде.

№2 Студенттер үйі 300 орынға лайықталған. Мұнда 60 секция, екі және үш адамдық 120 бөлме, 5 оқу залы, түрлі құндылықтарға негізделіп жасалған 4 фойе білім алушылардың сапалы білімге және білім беру қызметтеріне деген сұраныстарына сай барлық талаптарға сәйкес қызмет көрсетеді. Бірінші қабатта білім алушылардың денсаулығын қадағалау, есепке алу мақсатында қызмет атқаратын медициналық пункт жұмыс атқарады. Сонымен қатар, студенттер үйі коменданты, педагог-психолог, әлеуметтік педагогтер, тәрбиешілер қызмет көрсететін бөлмелерде студенттердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын қамтамасыз етуде барлық жағдай жасалған. Студенттер үйінің әр қабатында заманауи үлгіде жабдықталған ас дайындайтын бөлмелер бар. Ас дайындайтын бөлмелерде ас дайындауға арналған электр пештері, қысқа толқынды пештер, тоңазытқыш, мұздатқыштар қойылған. Әрбір қабаттағы кір жуатын бөлмелерге автоматты кір жуу және кір кептіру машиналары орналастырылған. Студенттер тұратын секциялардың барлығы жеке тоңазытқыштармен, душ кабиналарымен және әжетханалармен қамтылған. Бүгінгі таңда білім беру саласындағы мемлекеттік саясат оқу-тәрбие процесінің денсаулық сақтау моделін жетілдіруге арналған. Осы стратегияны жүзеге асыру мақсатында Студенттер үйі спорттық алаңдармен, фитнес, тренажер залдарымен  қамтылған. Астыңғы қабаттағы қыз балалар мен ер балаларға арналған фитнес залдары, тренажер залдары, теннис залдары білім алушылардың дене сымбатын жетілдіріп, спортпен айналысуына қажетті барлық заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сондай-ақ Студенттер үйінің артқы қапталында жаттығу жасауға арналған Street Workout алаңы орналасқан. Футбол, волейбол, баскетбол алаңқайлары білім алушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өткізілетін түрлі шараларға қолайлы орта. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру ісін жетілдіру үшін Студенттер үйінің астыңғы қабатында тир, алғашқы әскери дайындық кабинеті орналасқан. –Студенттер үйі – жастарды тәртіп пен қауымдастыққа тәрбиелейтін өмір мектебі,  әрі достықтың алтын ұясы. Жастардың рухани-мәдени дамуына,  өз ісінің шебері болып қалыптасып, еліне адал қызмет етуіне септігін тигізетін орын. Білімге деген құштарлықтары жетелеп келген жастардың бір-бірімен тіл табысып, өзара қолдау көрсетіп, жан-жақты әлеуметтік белсенді тұлға ретінде қалыптасатын мекені, –дейді колледж студенттері. Студенттер үйі білім алушылардың белсенді азаматтық ұстанымының қалыптасуына, эстетикалық мәдениетінің жоғарылауына, олардың әлеуметтік жетілуіне, дербестігіне, өзін-өзі ұйымдастыруына және дамуына оң ықпал етеді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *