Көктемде ақмолалық 900-ге жуық жас әскерге аттанды
Фото: Ресми ақпараттан
Ақмола облысында күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Биыл негізгі міндеттердің бірі - ҰҚК Шекара қызметі мен Ұлттық ұланды жас сарбаздармен толықтыру, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Көктемгі шақыру кезінде облыстан 900-ге жуық жас мерзімді әскери қызметке жіберілді. Оның 500-ге жуығы Қарулы күштерге, 340-қа жуығы Ұлттық ұланға, 70-ке жуығы Шекара қызметіне қабылданды. Қалғандары Төтенше жағдайлар министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметіне жолданды.
«Күзгі шақыру қыркүйек айынан басталды. Қазір негізгі міндет - Шекара қызметін жас сарбаздармен толықтыру. Ақмола облысына 125-ке жуық адамға жоспар қойылды. Қазірдің өзінде 45-ке жуық жас шекара қызметіне жіберілді. Бұл бағыттағы жоспар толығымен орындалды», - деді Ақмола облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, полковник Қанат Омаров.
Әскерге 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар шақырылады. Әр шақырылушы медициналық тексеруден өтеді. Денсаулығына, отбасылық жағдайына немесе оқуына байланысты заңда белгіленген негіздер болған жағдайда кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылған.
Шақыру қағазы қағаз түрінде және 1414 нөмірінен SMS арқылы жіберіледі. Себепсіз келмеген азаматтарға бес АЕК көлемінде айыппұл салынады.
«Шақыру заңда белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Алдымен азаматтың есептік деректері тексеріліп, кейін медициналық комиссия оның әскери қызметке жарамдылығын анықтайды. Заң бойынша кейінге қалдыруға немесе әскери қызметтен босатуға негізі бар азаматтар әскерге шақырылмайды», - деді заң қызметінің бастығы, әділет аға лейтенанты Бауржан Есполов.
Әскери қызметін жақсы аяқтаған сарбаздарға жоғары оқу орындарына тегін түсуге мүмкіндік беретін сертификаттар да беріледі. Биыл көктемде Ақмола облысынан 20 жас сарбаз осындай сертификат алған.
Пікірлер (0)