Қосшы қаласында Ақмола облысы мәслихат депутаттары тұрақты комиссиясының бірлескен отырысы өтті

Жаңалықтар
view 54
news

Қосшы қаласына Ақмола облысы мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов бастаған депутаттар жұмыс сапарымен ат басын бұрып, әкімдікте маңызы бар үлкен жиынға қатысты. Комиссия мүшелерін бастап келген маслихат төрағасы «Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысын осы Қосшы қаласында өткізу жоспарда бар еді. Сол себептен бүгін осында бас қосып отырмыз. Бүгін Ақмола облысының бюджеттік комиссия төрағасы, әлеуметтік сала бойынша комиссиялары ортамызда. Сондықтан қала дамуы үшін маңызды қандай да бір ұсыныстарыңыз, сауалдырыңыз болып жатса, шет қалдырмаңыздар», деп басқосудың басты мақсатын айқындап берді. Мұнан кейін мінберге көтерілген шаҺар басшысы Гайдар Қабдоллаұлы қаланың инфрақұрылымына тоқталып, алдағы жоспарды таныстырды. «Алтын уақыттарыңызды бөліп, қаламыздың даму жолындағы оң өзгерістерін бағалауға келгендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Аз уақыт аралығында дамудың даңғыл жолындамыз деп ауыз толтырып айта аламыз. Біздің әкімшілік тұрғындармен етене жақын байланыс жасап, барынша ашық жұмыс істеп отырған үлкен ұжым екендігін де тілге тиек еткім келеді. Халықты қолдауға, ұсыныс-өтініштерін уақыт оздырмай шешуге бізде барынша жағдай жасалған. 2021 жылы біз үшін ең күрделі мәселе ауызсу еді. Бұл мәселе уақыт өте шешіліп келеді. Екінші мәселе бұл мектептің жетіспеушілігімен тікелей байланысты жағдай еді. Өзіңіз де білесіз, аз уақыт аралығында үш мектеп аштық. Үшінші үлкен мәселе ол жолмен байланысты еді. Қажетті қаражат бөлініп, бұл мәселе де өз шешімін оңтайлы тауып келеді деп айта аламыз. Қаланың емханасына қатысты мәселелер де уақытымен шешіліп келеді. Бұдан бөлек, Тайтөбе ауылындағы қоқыс палигонын жабу мәселесі тұрған еді. Бұл да қазіргі таңда шешімін тапты. Қоғамдық көлікке қатысты жағдай да оңтайлы шешіліп, халыққа ыңғайлы жағдай жасалды. Қосшы қаласы өсудегі қарқыны жоғары қала. Қазірдің өзінде қалаға тіркелген азаматтар қатары 55 мың адамды құрап отыр. Бірақ тіркелмей, осында тұрып жатқан азаматтар қаншама. Өсу қарқынына қарай білім ошақтары мен балабақша, ойын алаңдарын да көбейту алдыңғы қатардағы мақсатымыз. Бұдан бөлек, қаланы газдандырып, жылу қазандықтарын орнату, тұрғындардың медициналық ем-шараларын ала алатын үлкен аурухана салу қала дамуының ендігі жоспарында бар», деп атқарылған ауқымды жұмыстар мен алдағы жоспарды таныстырды. Жиынға қатысқан қалалық мәслихат төрағасы Ә.Қуатбеков, Қоғамдық кеңес төрағасы С. Матайбаева, қала әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, мердігер мекемелердің өкілдері, БАҚ өкілдері қатысып, ұсыныстарын айтып, сауалдарын қойды. Жиында сөз алған Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы басшының орынбасары С.Толықпаев «Қосшы қаласының денсаулық сақтау саласын дамыту», Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары А.Қылышбаев «Қосшы қаласының тұрғын үй-коммуналдық саласының өзекті мәселелері» және Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Н.Байғожин «Қосшы қаласындағы құрылыс нысандары мен өзекті мәселелер» тақырыбы бойынша баяндама оқып, мәселені оңтайлы шешу жолдарын ұсынды.

Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *