Маңғыстауда Орталық Азиядағы алғашқы теңіз аквашаруашылық жобасы басталды
Фотосурет: ашық дереккөзден
5 қыркүйекте Маңғыстау облысының Құрық портында Каспий теңізінде теңіз аквашаруашылығын дамытуға арналған алғашқы тор қоршамалар суға түсірілді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орталық Азиядағы алғашқы теңіз аквашаруашылық жобасы облыс әкімдігінің бастамасымен, «Organic Fish» ЖШС қолдауымен жүзеге асып отыр. Бұл шара Қазақстан теңіз аквашаруашылығын дамытудың іс жүзінде жүзеге асырыла бастағанын көрсетеді.
Шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Ауыл шаруашылығы министрлігі балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов,
Organic Fish ЖШС бас директоры Ержан Аманқосұлы, сондай-ақ құрылтайшылар Анна Мәдиқызы, Нұржан Жақыпұлы және Нұрдәулет Шілдебайұлы мен сала ардагерлері қатысты.
Үш үлкен тор қоршама мен арнайы якорь жүйесінен тұратын жабдық Норвегияда жасалып, Каспий теңізінің табиғи жағдайына бейімделген. Құрық портына жеткізілген тор қоршамалар шетелдік және отандық мамандардың күшімен құрастырылып, порттан 20 шақырым оңтүстіктегі теңіз аумағына орнатылды. Экологиялық жағынан теңізге еш зияны жоқ.
Келесі кезеңде тор қоршамаларды балықпен толтыру жоспарланған. Бұл – Қазақстан мен Каспий теңізі тарихындағы ең үлкен тор қоршамалар: әрқайсысының айналымы 120 метр, тереңдігі 25 метр. Алғашқы екі жылда өндіріс көлемі 300-ден 1600 тоннаға дейін жетіп, кейін жылына 5000 тоннаға дейін ұлғаюы көзделген. Сонымен қатар 80-нен астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Жоба табиғи таза ортада каспий албырты тұқымдас балық өсіруге бағытталған. Балықтар экологиялық таза жеммен қоректеніп, теңіздің табиғи жағдайында өсірілмек. Бұл олардың пайдалы қасиеттерін толық сақтауға мүмкіндік береді.
Теңіз аквашаруашылығы жобасы Норвегия аквакультура институтының көпжылдық ғылыми зерттеулеріне негізделіп әзірленді.
Зерттеулер барысында теңіз суының гидрологиялық, гидрофизикалық және гидрохимиялық сипаттамалары, сондай-ақ учаскенің батиметриясы жан-жақты зерттелді.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай бұл бастама Маңғыстаудың агроөнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп, халқымыздың игілігіне қызмет ететінін атап өтті.

Бүгін біз Маңғыстау облысы үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін тарихи мәні бар маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Елімізде алғаш рет теңіз тор қоршамада балық өсіру шаруашылығы іске қосылып, Каспий теңізіне алғашқы тор қоршамалар түсірілуде. Бұл жоба – Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру, аквашаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында іске асырылып отыр. Бұл бастама жаңа жұмыс орындарын ашуға, жастарды заманауи балық шаруашылығы саласына тартуға мүмкіндік береді. Бұл – Қазақстан аквашаруашылығының жаңа кезеңі басталғанының айқын белгісі. Бұл жоба Қазақстандағы теңіз аквашаруашылығының дамуына жол ашып қана қоймай, аймақтық экономикалық өсімге, экспорттық әлеуеттің артуына және экологиялық тұрақтылықтың сақталуына зор үлес қосады,- деді Нұрдәулет Қилыбай.
Пікірлер (0)