«Масылдыққа тәрбиелейді»: Ахметбек Нұрсила қызметкерлеріне тегін үй берген Алагөзовті сынады
Сурет: Ашық дереккөзден
Әлеуметтік желіде белсенді, сонымен қатар белгілі кәсіпкер Ахметбек Нұрсила 100 отбасыға баспана сыйлаған кәсіпкер Тұрсын Алагөзовтің ісін сынға алды, – деп хабарлайды janabastau.kz Aikyn.kz -ке сілтеме жасап.
А. Нұрсила «тегін үй» түсінігі халықтың еңсесін емес, масылдық психологиясын көтереді деп есептейді.
«Тегін беру біреуді қорлау, мазақтау деп санаймын! Адамдарға жағдай жасау керек, олар өзіне керегін өз еңбегімен тапсын. Балық берме, қармақ бер! Америкада ТЕГІН үй беру Пруитт-Айгоу деген қайғылы экспериментінен кейін бұдан бас тартқан еді! Адамдарды масылдыққа, тіленшілікке тәрбиелейді. Адал еңбеімен таппай, біреуге алақан жайып, телміріп өмір сүруге, сорлы болуға жетелейді! » – дейді ол.
Нұрсиланың тағы бір уәжі – кәсіпкердің қайырымдылық қадамын «бизнесін ақтау тәсілі» ретінде қарастырып отырғаны.
«Тұрсен сыра мен зиянды шай шығару арқылы ұрпағыңды улап жатыр. Баян қыздарыңның санасын улап жатыр. Бұл менің пікірім! Менің пікірім дәл сіздікіндей болуға тиісті емес, олай болуы мүмкін де емес! Біз отардағы қой емеспіз, маңырап иесі қайда айдаса сонда жүре беретін! Әркімде өзінің пікірі болуы, оны ашық айта алуы қалыпты дүние! » – деп жазды ол.
Кәсіпкер А. Нұрсиланың осы мәлімдемесі әлеуметтік желі қолданушыларын екіге бөлді. Бір топ Алагөзовтің жомарттығын құптап,"Ахметбектің аузынан жақсы сөз шықпайды" десе, енді бір бөлігі масылдыққа қатысты ескертуді құптайды.
Пікірлер (0)