Мемлекет басшысы Қазақ-корей дөңгелек үстелінің ашылуында сөз сөйледі

Жаңалықтар
view 16
news

Фото: Ақорда

Президент Қазақстан мен Корея Республикасы іскерлік орта өкілдері бас қосқан жиынның қатысушыларына ілтипат білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы отыз жылда Астана мен Сеул арасында өзара құрметке, сенімге және шынайы достыққа негізделген берік қарым-қатынас орнағанын атап өтті. Оның айтуынша, аталған серіктестіктің іргесін белсенді саяси диалог пен сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жолындағы ортақ ұстаным бекемдей түсті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
 
– Бүгінде Корея Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің қатарына кіреді. Кореялық компаниялардың біздің елдегі нәтижелі қызметін жоғары бағалаймыз әрі бұл оң үрдісті нығайта береміз. Корей бизнесмендері инвестиция мәселесінде анағұрлым ширақ әрі батыл қимылдайтынын, жоғары адамгершілігімен, Қазақстанға деген сыйластығымен ерекшеленетінін үнемі айтып жүремін, – деді Президент.  Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы екіжақты тауар айналымы 3 миллиард доллардан асқанына назар аударды. Президенттің пікірінше, үкіметтер мен компаниялар күш-жігер біріктірсе, бұл көрсеткішті еселей түсуге болады.
 
– Корея Қазақстанға 12 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Елімізде Samsung, Kia, Hyundai, Lotte, Doosan Enerbility, Shinhan Bank секілді корей капиталының үлесі бар мыңнан аса компания жұмыс істейді. Біз қарым-қатынасымызды мүлдем жаңа деңгейге көтеріп, достық әрі серіктестік байланыстарды барынша нығайтуға ниеттіміз. Бүгінгі сапар осыған дейінгі жетістіктерімізді түйіндеп, өзара ықпалдастыққа тың серпін беруге орайлы мүмкіндік беріп отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ. Президент Кореяның іскерлік топ өкілдеріне Алатау қаласын дамыту мақсатында қабылданып жатқан дәйекті шаралар туралы мәлімет берді.

Жаңа орталық озық өнеркәсіп салалары пен инновация шоғырланған урбанистік және экономикалық хабқа айналуды көздейді.

– Цифрлық технологияларға, жасанды интеллектіге және заманауи инженерияға негізделген қаланы өркендетуге кореялық серіктестер белсенді атсалысып жатыр. KIND корпорациясымен бірге бас жоспарды және тұрғын үй аудандарын жобалаумен, сондай-ақ басқа да кореялық компанияларды ауқымды жобаға тартумен айналысып жатырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, екі елдің серіктестігін ілгерілететін перспективті бағыттардың бірі – қаржы секторы. Сондай ақ ол ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінің де маңызына назар аударды. 

– Біздің өнімдеріміз әлемнің 70-тен аса еліне тасымалданады. Біз Кореяға жеткізілетін бидай, майлы дақылдар, ет, сүт өнімдерінің, бал және басқа да жоғары сапалы тауарлардың экспорт көлемін ұлғайтуға әзірміз. Сондай-ақ Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін Кореяның технологияларымен біріктіріп, агроөнеркәсіп саласындағы қосылған құн тізбегін қалыптастыруды ұсынамыз. Тамақ өнеркәсібінде ынтымақтастықтың берік негізі қаланды. Lotte Қазақстанның танымал шоколад брендтерінің бірі «Рахат» компаниясына инвестиция салғаны белгілі. Бұл кореялық бизнестің біздің нарықтағы ұзақмерзімді кәсібіне жарқын мысал бола алады. Біз аталған ықпалдастықты жоғары бағалаймыз және табыстарымыз еселене береді деп сенеміз, – деді Президент. 

t.me/aqorda_resmi

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *