Министр мұғалімдерді міндетінен тыс жұмысқа тартуға қарсы шықты
Сурет: Ашық дереккөзден
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мұғалімдердің кәсіби міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартылуына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды janabastau.kz «Адырна» порталына сілтеме жасап.
«Сіздер менің ұстанымымды білесіздер. Мұғалім ұстаздықпен, яғни балаға білім берумен айналысуы керек. Бұған нүкте қойылуы қажет. Бұл — заңмен де бекітілген мәселе»,–деді ол Мәжіліс кулуарында.
Министрдің айтуынша, кейбір жергілікті әкімдіктің заңды елемей, педагогтерге тиесілі емес міндеттерді жүктеуі – жол беруге болмайтын жағдай.
«Енді әкімдіктер осы ұстанымдарды және заңды толыққанды орындауды қолға алуы керек. Заңды бұзуды тоқтату керек», – деп толықтырды Ғани Бейсембаев.
Еске салайық, бұған дейін Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев 9-сынып оқушысы суға кетіп қаза болғаннан кейін, мұғалімдерді рұқсат етілмеген жағажайларда рейд жүргізуге тартуды ұсынған. Алайда педагогтер шаһар басшысының бұл бастамасына наразылық білдірген болатын.
Пікірлер (0)