Мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты жағдай жасалып жатыр
Фотосурет: Нұрболат Нұржаубай
Бүгінде әлемде мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау мен оларды қоғамға толыққанды интеграциялау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Осы бағытта халықаралық қауымдастық бірқатар маңызды құжаттар мен бастамаларды жүзеге асырып отыр. Соның бірі – Біріккен Ұлттар Ұйымының 2019 жылы Бас хатшы жариялаған Мүгедектерді инклюзиялау жөніндегі стратегиясы. Бұл құжат мүгедектігі бар адамдарды Ұйым қызметінің барлық саласына белсенді тартуға, олардың құқығын тең дәрежеде қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Қазір инклюзия мәселесі тек халықаралық деңгейде ғана емес, ұлттық саясаттың да негізгі бағыттарының біріне айналды. Қазақстанда да бұл салада елеулі ілгерілеу байқалады. Соның нәтижесінде мемлекеттік басқару жүйесінде ашықтық пен есептілік деңгейі артып, бағдарламалар мен жобалар инклюзивті сипат ала бастады. Бұл өз кезегінде қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыруға жол ашып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғам өміріне араласуына кең мүмкіндіктер жасалып жатыр. Бұл БҰҰ-ның мүше мемлекеттерге қойылатын негізгі талаптарына сәйкес келеді. Әсіресе, стратегиялық жоспарлау, кадр даярлау, деректер жинау және гуманитарлық жағдайларға әрекет ету бағыттарында айтарлықтай жетістіктер бар. Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтардың өз тәжірибесі мен дағдыларын қоғамға таныстыруына жағдай жасалып отыр.
2019-2024 жылдар аралығында инклюзия саласында бірнеше маңызды нәтижелерге қол жеткізілді. Біріншіден, мүгедектердің қажеттіліктері стратегиялық құжаттар мен бағдарламаларда ескеріле бастады. Бұл деректерді талдау және шешім қабылдау үдерісін жетілдіруге мүмкіндік берді. Екіншіден, БҰҰ аясында бағалау, сатып алу, кеңес беру және қолжетімділік мәселелеріне арналған бірқатар практикалық құрал әзірленді. Үшіншіден, мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық белсенділігі артып, олардың көшбасшылық қабілеттерін көрсетуіне жол ашылды.
Қазақстанда да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған түрлі бизнес-идеяларды қолдап, қашықтан жұмыс істеу мүмкіндіктерін кеңінен ұсынып келеді. Бұл – адамдардың үйден шықпай-ақ табыс табуына мүмкіндік беретін тиімді тетік.
Қазіргі цифрлық дәуірде мүгедектігі бар адамдар үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Интернет, білім және технология қолжетімді болған жағдайда әр адам өз қабілетін жүзеге асырып, жеке ісін бастай алады. Әрине, мемлекет барлық азаматты жұмыспен толық қамти алмайды, алайда өзін-өзі дамытуға кедергі жоқ. Бұл мәселе бүгінде аса өзекті болып отыр.
Табыс табудың түрлі жолдары бар. Мысалы, копирайтинг саласы мәтін жазу, редакциялау және контент дайындаумен айналысуды қамтиды. Сонымен қатар контент жасау – қазіргі бизнестің ажырамас бір бөлігі. Әлеуметтік желілер мен сайттарға арналған мәтіндер мен визуалды материалдарға сұраныс жоғары.
Әлеуметтік желілерді басқару да сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Бұл бағытта мамандар топтарды жүргізу, аудиториямен байланыс орнату, контент жариялау және жарнамалық жұмыстарды ұйымдастырумен айналысады. Бұдан бөлек, веб-сайт жасау, қолөнер бұйымдарын дайындау, жеміс-жидек өсіру, репетиторлық, бухгалтерлік қызмет және тауарларды қайта сату сияқты салалар да үйден жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың саны 711,8 мың адамды қамтиды. Олардың 420 мыңы – еңбекке қабілетті жаста, 187,5 мыңы – зейнетте, ал 104,3 мыңы – балалар. Бұл көрсеткіш қоғамда инклюзия мәселесінің өзектілігін айқындай түседі.
Мемлекет тарапынан да қолдау шаралары күшейтіліп отыр. Мысалы, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар 14,5% артты. Сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға берілетін төлемдер де көбейтілді. Бұдан бөлек, медициналық және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асып келеді.
Атап айтқанда, республикалық бюджет есебінен катетерлермен қамтамасыз ету, гигиеналық құралдардың көлемін арттыру, сондай-ақ санаторий-курорттық емдеу бағдарламаларын кеңейту жоспарланған. Жергілікті жерлерде де арнайы әлеуметтік қызметтерді дамыту мақсатында пилоттық жобалар қолға алынып отыр.
Сондай-ақ елімізде жаңа оңалту орталықтарын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 12 өңірде 150 орындық орталықтар ашу көзделген. Бұл бастама алдымен Абай, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында қолға алынды.
Еске сала кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау туралы кешенді заң әзірлеуді тапсырған болатын. Бұл – инклюзивті қоғам құру жолындағы маңызды қадам.
Өңірлерде де нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, Петропавл қаласында «Қазақстан халық партиясы» ұйымдастырған дөңгелек үстелде инклюзивті білім беру және әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды. Аймақта 5 мыңнан аса ерекше қажеттілігі бар бала тіркелген. Оларға қазір 26 арнайы білім беру орталығы қызмет көрсетеді.
«Тренинг центр көмек» орталығы да ерекше балаларға кешенді қолдау көрсетіп келеді. Қазір онда 80-ге жуық бала тәрбиеленіп отыр десек, олармен 20-ға жуық маман жұмыс істейді. Бұл орталықтар балалардың дамуына және олардың қоғамға бейімделуіне үлкен үлес қосып отыр.
Пікірлер (0)