Ораза ұстауға бола ма: Арапа күні не істеу керек
Сурет: Ашық дереккөзден
Биыл Арапа күні 5 маусымға келіп тұр. Ал 6 маусым – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні болады.
Арапа күні деген не
Арапа – ислам дініндегі қадір-қасиеті мол күндердің бірі. Білу, түсіну деген мағынаны білдіреді.
Бұл күннің "арапа" аталуының себебі, Зүл-хиджа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар түсінде құрбандыққа баласы Исмайылды шалып жатқанын көреді. Алғашқыда оны жай түс деп ойлайды. Алайда ертесіне, яғни, Зүл-хиджа айының 9-ы күні сол түсті тағы көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін біледі. Осы себепті бұл күнді "Арапа" деп атап кеткен деседі. Қарияларымыз кейде оны "Қарапа" күні деп те атайды.
Бұл күні қажылық парызын өтеуге барған кісілер түс ауғаннан кейін ертеңгі (айт күні) таң намазына дейінгі аралықта Арафат тауына бір мезет тұрақтайды, таудың етегінде намаз оқиды. Меккеден Арафат тауына дейінгі аралық жол 7 сағатты құрайды. Бұл сапарға аттанған адам тауға жаяу жүріп көтерілуі шарт. Арафат тауында тұру – қажылықтың негізгі бөлігі, онсыз қажылық жасалды деп есептелмейді.
Арафат – Аллаға жалбарынып, күнәларына тәубе ету үшін пенделердің жиналатын мекені. Сол жерде адамдар әлсіз, мұқтаж күйде Алланың алдында күнәларының кешірілуін үмітпен тілейді. Көзден жас төгіліп, тәубе етіліп, Жаратушыға шын жүректен жалбарынады. Сөйтіп Алла Тағала сол құлдарының тәубесін қабыл етіп, өмір дәптерлерінде тап-таза беттер ашылады.
Арафат тауы – Алла Тағаланың қажыларға тарту еткен жері, ал Арапа күні – Алланың барша иман келтірген құлдарына берген сыйы. Сондықтан қажылық жасауға мүмкіндігі болмаған, Арафат тауына аяқ баса алмай, қынжылған жандар осы күнді шын ниетпен пайдалануы керек.
Арапа күні не істеу керек
Арапа күні жасалған ізгі амалдардың сауабы мол.
Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) "Арапа күнін құрметтеңдер. Өйткені, Арапа – Алла қадірлі еткен күн" деген екен.
Арапа күні Алладан жасаған күнә-қателіктеріміз үшін көбірек кешірім тілеп, тәубе етіп, дұға қылған дұрыс. Өсек-өтірік, ғайбат сөз, харам дүниелерден тыйылған абзал. Бұған қоса мұқтаждарға қол ұшын созып, ауру-сырқаудың көңілін сұрап, ағайын-туыс, көрші-қолаңмен татуласып, өкпе-ренішті ұмыту арқылы да мол сауапқа кенелуге болады.
Сонымен қатар Арапа күні әр шаңырақта ұлық мейрам Құрбан айтқа әзірлік басталады. Бауырсақ, шелпек пісіріп, дәмді тағамдар әзірленеді. Мол дастархан жайылып, қонақ күтуге дайындалады. Үйдің іші-сыртын тазалап, ретке келтіреді. Адамдар әдемі, жаңа киімдерін киіп, Құрбан айттың келгеніне ерекше шаттанып қуанады.
Пікірлер (0)