Ақын болу — ар алдындағы адалдық

Жаңалықтар
view 100
news

Сурет: әлеуметтік желіден

“Атақ, атты аламын арзан жырмен” — Есенқұлдың өз-өзіне қарата айтқан күйініші ғана емес, рухани жалаңаштанып тұрып жасаған мойындауы. Бұл ирония терең, ащы, батыл.

Бұл тармақ арқылы ақын бір ғана қоғамды емес, әдебиеттің ішкі былығын, көлеңкелі тұстарын ыммен емес, ашық та өткір жеткізеді. Бірақ ол бәрінен биік тұрған жоқ — өзі де сол ортада жүрген қалпында сөйлеп тұр. Бұл — сырттан тас атпай, іштен сөйлеу. Бұл — ақынға тән адамгершілік пен шынайылық.

Есенқұл өзін бұл дағдыдан бөлмейді, сол жүйенің ішіндегі бөлшек екенін мойындайды. Бұл — нағыз батылдық. Өйткені көп ақындар қоғамды сынағанда қылыштай өткір, бірақ өздерін сол былықтан алыстатып, таза періште кейпіне еніп алады. Есенқұл олай жасамайды. 

Сол себепті бұл тармақ – жай бір мысқыл емес, әдебиетке деген өкпе, өзіне деген үмітсіздік пен үміттің қатар өрілген үндеуі.

Есенқұл бұл жолмен өзіне де, бізге де:

«Бәріміз – сол ойынның ішіндеміз. Бірақ, мейлі, мен-ақ айтайын” дейтіндей.

“Қолда өсірген жыландай қолтық кезіп

Сумаң етіп шығамын мойыныңнан …” дей отырып, өз болмысын да жиренішті кейіпте суреттейді. Бірақ бұл — арсыздық емес, бұл — ар-ұждан алдындағы адалдық. Ақын ретінде ұялмайтын шындығы да – осында.

“Боқта өсірген кәдімгі гүл сияқты,

Болашақта келеді гүлдеп өскім.”

«Гүлдің өзі боқта өседі» — бұл жолда поэтикалық философияның тұтас бір өзегі жатыр. Бұл — Есенқұл поэзиясындағы ең батыл, ең шыншыл идеялардың бірі. 

Бұл — рухани арылу формуласы. Ақын өзі де мойындайды: ол — пәк емес. Бірақ ол сол ортаның шындығын жасырмай, қайта мойындап барып, гүлдегісі келеді.

Бұл жолдар – рухани катарсиске, тазаруға деген ишара.

«Пәренжесін жамылған жас тоқалдай,

Пәктігім бар, бойымда күнәм да бар.»

Бұл жол — әйел образы арқылы өз болмысын сипаттау арқылы ақынның нәзік жанын, рухани жаралы күйін, қорғансыз шындығын көрсетеді. Ол екіұдай күйде тұрған адамның бейнесін жасайды. Бұл — бүгінгі поэзияда өте сирек кездесетін көрініс.

“Талай байдан шығармыз аман болсақ,

Абай байдай шыққанша тас тұғырға”

“Талай байдан шығу” — бұл сынынан өту, азғырудан аман қалу, сүрінбей жүру.

(Айтып беріп жайсаң мен жақсыға өлең

Жағынғанды жанымлай дақсы көрем

Атақ-атты аламын арзан жырмен…)

“Абай байдай шыққанша тас тұғырға”

Есенқұл түбі бұдан бетер мойындалатынын анық білген ақын. Оған бірнеше мысал бар. Соның бірі - “Түбі менің түсініксіз байлығым тұқымындай көбейеді ешкінің…”

Абайды толық адам ретінде бағалайтынын, Абайдың байлығына жетуге де дәмелі екенін аңғартады. 

Осы өлеңнің тақырыбы, өзіндік ирониясы мені ұзақ уақыттар бойы толғандырды. Сондай бір шығармаға көзім түссе, міндетті түрде сизтез жасаймын деп ойлағам. Ол 

Мандельштамның «Я слово позабыл, что я хотел сказать» деген өлеңі. Бұл да – шығармашылықтың ішкі “ойыны” мен трагедиясы туралы. Есенқұл да, Мандельштам да — ақын болудың күнәсі мен қасиетін бірдей мойындап, поэзияның сыртқы жарқылына емес, ішкі азабына үңілген қаламгерлер.

Әдебиеттанушы, отандасымыз Н.Ф. Стеблюк Мадельштамның осы өлеңіне арнаған бір зерттеуінде 

“Я слово позабыл, что я хотел сказать…

Среди кузнечиков беспамятствует слово.

И медленно растет, как бы шатер иль храм,

То вдруг прикинется безумной Антигоной,” деген жолдарына анықтама берген. 

Қызықтың көкесі мында: Антигона - ежелгі грек аңыздарында патшаның дұшпанды көмусіз қалдыру туралы қатаң әміріне қарамай, жау құрамында болған інісін өзіне өлім жазасы кесілсе де жеңіс үстінде тұрып, бауырын жерлеген қыз екен.

Демек, Есенқұл айтқан “Пәктігім бар, бойымда күнәм да бар” дейтін идеяны жеткізуде Мандельштамның өзіндік шеберлігін көреміз. 

Мандельштамның түсінігінде ақындық – жай шеберлік не талант емес, моральдық міндет. Бұл – жоғары рухани жауапкершілік, ең алдымен өз-өзіңнің алдындағы адалдық, содан кейін ғана әлемге үн қосу. 

“О, если бы вернуть и зрячих пальцев стыд,

И выпуклую радость узнаванья”, 

Бұл -шығармашылық адамына ғана тән сезгіштікті, транс пен интуицияны шебер сипаттаудың айқын көрінісі. Музыканттың аспапты, клавишті хәм пернені ішкі тебіреніспен , табиғи екпінмен басып, дөп түсуі, мінсіз үндер тізбегінен әуен жасауындай ақынның ішкі күй мен сезгіштік арқылы ойды жеткізуге көп сөздің ішінен бір сөзге дөп түсуін сипаттау. Әрі соған балаша мәз болу. 

Әдеттегідей, өлеңдердің толық нұсқасы назарларыңызда:

Я слово позабыл, что я хотел сказать.

Слепая ласточка в чертог теней вернется,

На крыльях срезанных, с прозрачными играть.

B беспамятстве ночная песнь поется.

Не слышно птиц. Бессмертник не цветет.

Прозрачны гривы табуна ночного.

B сухой реке пустой челнок плывет.

Среди кузнечиков беспамятствует слово.

И медленно растет, как бы шатер иль храм,

То вдруг прикинется безумной Антигоной,

То мертвой ласточкой бросается к ногам,

С стигийской нежностью и веткою зеленой.

О, если бы вернуть и зрячих пальцев стыд,

И выпуклую радость узнаванья.

Я так боюсь рыданья аонид,

Тумана, звона и зиянья!

А смертным власть дана любить и узнавать,

Для них и звук в персты прольется,

Но я забыл, что я хочу сказать, -

И мысль бесплотная в чертог теней вернется.

Bсе не о том прозрачная твердит,

Все ласточка, подружка, Антигона...

И на губах, как черный лед, горит

Стигийского воспоминанье звона.

1920г,

Бай да емеспін, бұл күнде кедей де емен,

Азаймаған адаммын, көбеймеген.

Өзегімді өлеңім жарып шықпай,

Өлең айтып келемін көмейменен.

Айтып беріп жайсаң мен жақсыға өлең,

Жағынғанды жанымдай жақсы көрем.

Атақ, атты аламын арзан жырмен,

Махаббатты өзгертіп нәпсіменен.

Жалықсам да осы бір ойынымнан,

Жақсылармен жанастым бойы бұлғаң,

Қолда өсірген жыландай қолтық кезіп,

Сумаң етіп шығамын мойыныңнан.

Бай да емеспін, бәрібір құл да емеспін,

Ол да емеспін, және де бұл да емеспін.

Боқта өсірген кәдімгі гүл сияқты,

Болашақта келеді гүлдеп өскім.

Біреу білмей, мұнымды бірі аңғарар,

Біреу сеніп, біреулер күмәнданар.

Пәренжесін жамылған жас тоқалдай,

Пәктігім бар, бойымда күнәм да бар.

Қадалмайтын көз бар ма жас құлынға,

Күнәһарлық жарасар қас сұлуға.

Талай байдан шығармыз аман болсақ,

Абай байдай шыққанша тас тұғырға.

Ақын болу дегеннің шын тауқыметін, той-думан мен шынайы шаттықтың арасын сезу, білу, өзектілігін аңғару, аса шеберлікпен жеткізу - үлкен миссия.

Салтанат Қайырбек

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *