Қазақстандықтарды шетелде жұмысқа орналастыруға дайындау орталығы ашылды
Фото: gov.kz
Бұл қазақстандықтардың шетелде жұмыс басталар алдында жақсы дайындалуына, қорғалуына және ақпараттандырылуына бағытталған, - деп хабарлайды janabastau.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Орталық Астана қаласы әкімдігінің Мансап орталығы ғимаратында ашылды. Мұнда азаматтар еңбек көші-қонының құқықтық, мәдени және практикалық аспектілерін біле алады. Тақырыптардың қатарына мигранттардың құқықтары, өзге елге бейімделу, заңды және еңбек қызметтеріне дайындық жатады.
Жобаны Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен, Астана әкімдігімен және Швейцарияның даму және ынтымақтастық агенттігінің (SDC) қолдауымен іске асырды.
«Орталықтың ашылуы – ол еңбек көші-қон қауіпсіздігі және басқарылуы жолындағы маңызды қадам. Біз шетелге жұмысқа баратын әрбір азаматтың өз құқығын білуіне және өзін сенімді сезінуіне ұмтыламыз», - деп атап өтті Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) Қазақстандағы миссиясының басшысы Серхан Актопрак.
Ашылу салтанатына Астана әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Асқарбек Ерсаев, Швейцарияның Қазақстандағы елшісі Салман Бал, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың басқа да өкілдері қатысты.
Орталықтың ашылуы Орталық Азиядағы басқарылатын еңбек көші-қонын дамыту жөніндегі ХКҰ өңірлік бағдарламасының бөлігі болып саналады.
Пікірлер (0)