«Өсектен өлдіңдер ме?»: қаламгер Димашты дәріптемей, Дариғаны сөз еткендерді тобырға теңеді

Жаңалықтар
view 362
news

Фотосурет: дереккөз

Жазушы Сүндет Сейітов Facebook-тегі парақшасында алпауыт Америкада күллі әлемді аузына қаратып концерт беріп жатқан Димаш Құдайбергенді дәріптемей, елдегі Дариға Бадықова туралы өсек теріп отырған жұртқа «тобыр» деп ашынды, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Иә, шын мәнінде Димаш Құдайберген Нью-Йорк қаласындағы әйгілі «Медисон Сквер Гарден» аренасында жеке концертін беріп, 20 мың адамға арналған арена лық толған еді. Жазба авторы бұқараға қарата осы тұрғыдағы базынасын айтты.

Бұған дейін бұл аренада Геннадий Головкин талай жекпе-жегін өткізген. Енді міне, жалғыз әрі тұңғыш қазақ осы аренаны толтырды. Бұл ел тарихындағы үлкен оқиға. Алайда біз Дариға Бадықованың жеке өмірін талқылап, қызылкөтен қырғын жасап отырмыз. Деңгейіміз осы болды. Арамызда бір адам ғана сол туралы өсек айтып отырса мейлі еді, бірақ бүтін аудитория соның өмірін өсек қылып отырған соң, айтпасқа амал қалмады. Димашты Димаш қылған біз емес қой тағы. Кезінде өзі Қытай асып барып, байқауда топ жарып келді. Содан күллі жұрт таңқалып еді, біз де соларға қосақтаса кеттік. Демек біз өзіндік ой-пікірі жоқ, талғамсыз, сапасыз қоғам екенбіз. «Тобырмыз» десек те ауыр болмас, – дейді Сүндет Сейітов.

Айтуынша, тіпті, сол бір тікелей эфирден көрсетілуге тиіс тарихи оқиғадан біздің пабликтер, ақпарат көздері дұрыс хабар да тарата алмаған. Енді міне, әлемге әйгілі әншіміз Америкадан кейін Мексиканың алып аренасын тағы толтырғалы отыр. Одан соң Уембли стадионында концерт бермек. Біздің БАҚ бұл туралы да ештеңе жазбаған.

Ей, айналайындар, қай қазағың барып осылай арена толтырып, әлемді ауызына қаратып еді? Өсектен өлдіңдер ме? Неге әлемге қарамайсыңдар? Неге өз ұландарыңның тарихи сәтін көрмейсіңдер? Неге Димаштың концертін, әлемдік турын талқылап, соның төңірегінде әңгіме айтпайсыңдар? Өсекшілердің өсіп-өнуінен құдай сақтасын! Димаш біздің қоғамда өзін жалғыз сезінетін тұлға. Менің бұл сөзімді де түсінбейтін өңкей тобыр «Димаш жалғыз емес, оның елі бар, қазағы бар, отбасы бар» деп лағып кетеді. Расында Димаш өзін жалғыз сезінетін тұлға! Ал біз тобырмыз! Ұят! – деп салды қоғамға ашынған қаламгер.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *