«Отбасы банкіндегі» пара мен қысым: Экс-менеджер ішкі жемқорлықты әшкереледі
Коллаж: Sn.kz
“Отбасы банкінің” орталық кеңсесінің бұрынғы жоба менеджері Максим Елешов мекеме ішінде жылдар бойы жалғасып келе жатқан заңсыз ақша жинау фактілері мен қысым туралы мәлімдеді. Ол ақшадан бас тартқан қызметкерлердің заңсыз түрде жұмыстан қуылғанын айтады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.
Елешовтың айтуынша, банкте ақша жинау тәжірибесі кем дегенде 2021 жылдан бері бар. 2023 жылы ол банк басшысы Ляззат Ибрагимоваға ресми хат жолдап, жеке қабылдауды сұраған. Бірақ нәтиже болмаған соң, мәжбүрлі түрде Президент Әкімшілігіне жүгінген.
— 2023 жылдың 30 қарашасында мен басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимоваға оның орынбасары Нұрлан Ақшановтың туған күніне сыйлық алу үшін қызметкерлерден заңсыз ақша жинау фактісі жөнінде ресми түрде хабарладым. 2023 жылдың қазанында тек біздің басқармадан 239 мың теңге жиналды, — дейді ол.
Экс-қызметкердің сөзінше, банкте басшылыққа сыйлық, тимбилдинг пен түрлі іс-шараларға ақша жинау жиі болған.
— Сотта куә болған Нұрханова мен Темірбаева да ақша жинау, қысым көрсету және жемқорлық схемаларының барын растады. Нұрханова — Алматы филиалы директорының бұрынғы орынбасары. Ол бұл жүйелі ақша жинау Акшанов басқаратын Қазақстандағы өзге құрылымдарда да болғанын айтты. Ақша беруден бас тартқан қызметкерлер «қара тізімге» ілініп, бірінші кезекте қысқартуға немесе жұмыстан шығаруға ілінетін, — дейді Елешов.
Ол сондай-ақ “Отбасы банкінің” ресурстары шектеулі топтың мүддесіне жұмыс істейтінін алға тартты.
Пікірлер (0)