Қауіпсіздік мәдениеті бала кезден қалыптасуы тиіс
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Төтенше жағдай – күтпеген сәтте орын алатын, бірақ оның салдарын азайту көбіне адамның дайындық деңгейіне байланысты болатын құбылыс. Бүгінде қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы ретте төтенше жағдайлардың алдын алу, халықтың қауіпсіздік сауатын арттыру және әр азаматтың жауапкершілігі туралы Қосшы қаласы төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Ерсұлтан Сағынаевпен әңгімелестік едік, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
– Қазіргі таңда төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстардың маңызы қаншалықты артты?
– Соңғы жылдары табиғи және техногендік сипаттағы қауіптер жиілеп келеді. Сондықтан алдын алу шаралары бұрынғыдан да өзекті. Басты мақсат – төтенше жағдайдың салдарымен күресу емес, оның алдын алу. Бұл бағытта жүйелі жоспарлар әзірленіп, нақты жұмыстар жүргізілуде.
– Алдын алу шаралары нақты қандай бағыттарды қамтиды?
– Ең алдымен, бұл – халықты ақпараттандыру. Түрлі оқу-жаттығулар, түсіндіру кездесулері, арнайы сабақтар өткізіледі. Сонымен қатар қауіпті аймақтарды бақылау, инфрақұрылымды тексеру, техникалық дайындықты күшейту де маңызды. Бұл жұмыстардың барлығы кешенді түрде жүзеге асады.
– «Қауіпсіздік мәдениеті» деген ұғымды қалай түсіндіресіз?
– Бұл – әр адамның қауіп-қатерді алдын ала бағалай білуі және дұрыс әрекет етуі. Яғни, төтенше жағдай кезінде не істеу керектігін нақты білу. Өрт, су тасқыны, дауыл сияқты жағдайларда абдырамай, нақты қадам жасай алу – қауіпсіздік мәдениетінің көрінісі.
– Қарапайым тұрғындар қандай негізгі ережелерді есте ұстауы тиіс?
– Ең бастысы – сақтық. Электр құралдарын дұрыс пайдалану, газ құрылғыларын бақылауда ұстау, балаларды қараусыз қалдырмау – бұл өте қарапайым, бірақ маңызды қағидалар. Сонымен қатар әр отбасы төтенше жағдай кезінде әрекет ету жоспарын алдын ала ойластыруы қажет.
– Жастар мен балаларды қауіпсіздікке баулу қаншалықты маңызды?
– Өте маңызды. Қауіпсіздік мәдениеті бала кезден қалыптасуы тиіс. Мектептерде өткізілетін арнайы сабақтар мен тәжірибелік жаттығулар балалардың дұрыс әрекет ету дағдысын қалыптастырады. Бұл – болашақтағы қауіптердің алдын алудың тиімді жолы.
– Ақпараттық жұмыстың рөлі қандай?
– Ақпарат – қауіпсіздіктің негізгі құралдарының бірі. БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы халыққа дер кезінде әрі нақты мәлімет жеткізу өте маңызды. Дегенмен, жалған ақпараттан сақтанып, тек ресми дереккөздерге сүйену қажет.
– Тұрғындарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Қауіпсіздікке бейжай қарамау керек. Әр адам өз өмірі мен жақындарының амандығына жауапты екенін ұмытпағаны жөн. Қарапайым ережелерді сақтау арқылы үлкен қауіптің алдын алуға болады.
Пікірлер (0)