Отандық емші арақты қойдыратын ерекше әдіс ойлап тапты (видео)
Сурет: видеодан кадр
Әлеуметтік желілерде қазақстандық емші Жандар Қалдыбекұлының араққа тәуелділіктен емдеудің ерекше тәсілін көрсеткен бейнежазба кең тарап жатыр, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі.
Видеода белгісіз бір ер адамды отқа қыздырылған темірдің, діни уағыздың және суық судың көмегімен емдеу сәті түсірілген. Бұл көрініс желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырып, қоғамда түрлі көзқарастарға себеп болды.
Қызып тұрған темір мен рухани насихат – емнің басты элементтері
Кадрдан емшінің алдымен темір затты отқа қыздырып, оны емделушінің бетіне жақындатып, лебін сездіргені байқалады. Одан соң емші адамның тілін қызған темірге жақындатуға мәжбүрлейді, бастан және иықтан ұрып, суық суды ауызға толтырып, оны ыстық темірге үрлеп шашуды сұрайды. Осы сәтте ем қабылдап отырған азаматтың қорқынышы мен қобалжуы айқын көрінеді.
«Тозақ отына қалай төзесің?» — емшінің рухани үндеуі
Емші Жандар Қалдыбекұлы рәсім кезінде діни сипаттағы сөздерімен емделушіге әсер етуге тырысады:
«Сен алақандай ыстық темірдің қызуына шыдамай тұрсың, ал тозақ отына қалай төземін деп ойлайсың? Сондықтан арақты таста. Қашан қоясың ішуді?» — дейді ол.
Мамандар пікірінше, бұл әдістің мақсаты — қорқыныш пен рухани мотивацияны қатар қолдану арқылы ішімдіктен жирендіру.
Медицина не дейді?
Дәстүрлі емес мұндай әдістер қоғамда жиі кездескенімен, олардың ғылыми тұрғыдан тиімділігі дәлелденбеген. Дәрігерлер мен психологтар алкоголизмді тек кәсіби медициналық және психотерапиялық әдістермен ғана емдеу қажет екенін алға тартады.
Желі қолданушыларының пікірі қақ жарылды
Көпшілік видеодағы әдіске қатысты екіұдай пікір білдіруде. Бірі «ең бастысы — адам ішімдікті қойса болды» деп емшінің тәсілін қолдаса, енді бірі «мұндай қорқынышты әдіс адамның психикасына зиян келтіруі мүмкін» деп алаңдаушылық білдіруде.
Пікірлер (0)