Қазақстанда Торғай облысы құрылуы мүмкін

Жаңалықтар
view 103
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Қостанай облысының оңтүстігінде жаңа әкімшілік-аумақтық бірлік – Торғай облысын қайта құру мәселесі қоғамда қызу талқылануда, деп хабарлады janabastau.kz ақпарат агенттігі inbusiness.kz порталына сілтеме жасап.

Бұл бастама соңғы жылдары өңірде халық санының азаюы, инфрақұрылым тапшылығы және жердің игерілмеуі сияқты бірқатар әлеуметтік-экономикалық түйткілдерге байланысты көтеріліп отыр.

Қоғам белсенділері мен өлкетанушылардың айтуынша, Жангелдин, Амангелді аудандары мен Арқалық қаласы маңында жалпы көлемі 4 миллион гектарға жуық жер пайдаланылмай бос жатыр. Тарихшы Амандық Әмірхамзиннің дерегіне сүйенсек, соңғы бір жыл ішінде облыста 25 ауыл жабылған. Ал тұрғындардың жаппай қоныс аударуы өңірдің болашағына қауіп төндіруі мүмкін.

Инициаторлар Торғай облысын қайта құру аймақтың әлеуметтік-экономикалық жаңғыруына серпін береді деп есептейді. Олардың пікірінше, жаңа облыстың құрылуы: «Орталық – Батыс» автожолының іске асуымен транзиттік мүмкіндіктерді кеңейтеді, Арқалық маңындағы 40-қа жуық кен орнын игеруге жол ашады, Кеңес дәуірінде шетелге астық экспорттаған ауыл шаруашылығын қайта жандандырады, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов есімдерімен байланысты тарихи туризмді дамытуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Арқалық қаласында жаңа әуежай салу және оңтүстік аудандарды дамыту бағдарламалары қолға алынуда. Бұл жобалар бастаманың мемлекеттік деңгейде қолдау табуы мүмкін екенін көрсетеді.

Әзірге ресми шешім қабылданған жоқ. Алайда сарапшылар мен қоғам өкілдері Торғай өңірін жеке облыс ретінде басқару – аймақтың әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік береді деп санайды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *