Қорғалжын ауданындағы білім саласының оң өзгерістері
Сурет: Өңірлік коммуникациялар орталығы
Қорғалжын ауданының білім беру саласы жыл сайын даму үстінде. 2025 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша, ауданда 7 мыңнан астам адам тұрады. Барлығы 18 елді мекен 8 ауылдық округке біріктірілген. Осындай шағын ауданның білім жүйесі үздіксіз жетілдіріліп, оқушыларға заманауи білім беру үшін жаңа мүмкіндіктер жасалуда. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Дархан Бейсембеков мәлім етті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Қорғалжын ауданында 13 мектеп жұмыс істейді. Бүгінде бұл білім ордаларында екі мыңға жуық оқушы оқиды, оларға 403 білікті педагог білім беруде.
«Қосымша білім беру мекемелері де белсенді қызмет атқарады. Р. Есімжанова атындағы балалар музыка мектебінде 194 бала өнердің қыр-сырын меңгерсе, балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында 230 оқушы өз қабілеттерін дамытып келеді» , деп толықтырды спикер.
Аудандағы білім беру нысандары заман талабына сай жаңартылуда. Мәселен, Жантеке ауылындағы жалпы орта білім беретін мектепте 2024 жылы басталған екі жылдық күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл мектеп жақын арада жаңа кейіпке еніп, оқушыларға жайлы әрі ыңғайлы оқу ортасын ұсынбақ.
Оқу сапасын арттыру мақсатында аудан мектептері жаңа технологиялық құралдармен жабдықталуда. 2024-2025 оқу жылында бірнеше мектеп заманауи оқу кабинеттеріне ие болды. Аудан әкімінің айтуынша, жаңа құрал-жабдықтар оқу үдерісін жетілдіруге, оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына және білім сапасын арттыруға септігін тигізіп келеді.
«Қорғалжын ауданының білім беру жүйесін жетілдіру жұмыстары әлі де жалғасын табады. Жаңа технологиялар мен оқу құралдары арқылы оқушылардың білім деңгейін көтеру, олардың ғылым мен инновацияға деген қызығушылығын арттыру – басты міндеттердің бірі. Ауданның білім саласы жаңашылдыққа бет бұрып, болашаққа нық қадам жасауда», деп түйіндеді Дархан Бейсембеков.
Пікірлер (0)