Қорғаныс министрі Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды
Сурет: gov.kz
Ұлы Абайдың 180 жылдығына орай Қарулы күштерде ақынның әдеби мұрасын әскери қызметшілер мен өскелең ұрпақ арасында дәріптеуге арналған іс-шаралар өтіп жатыр.
Мерейтой қарсаңында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Астанадағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұл туралы JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі хабарлайды.
Салтанатты рәсімге Қарулы күштердің ардагерлері және Құрлық әскерлерінің, Әскери-теңіз күштерінің, Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері қатысты.
– Абай Құнанбайұлы – қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшыл, композитор, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы. Оның мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді, – деп атап өтті қорғаныс ведомствосының басшысы.
– Хакім Абайға арналған ескерткіштер Ресей, Түркия, Франция, Қытай және басқа да әлемнің көптеген елдерінде орнатылған.
Абайдың есімі көшелерге, даңғылдарға, оқу орындары мен театрларға берілген. Оның шығармалары көптеген тілдерге, соның ішінде ағылшын, түрік, қытай және француз тілдеріне аударылған. Ұлы ойшылдың шығармашылығы – ақынның поэзиясы мен философиялық толғамдары әскери ортада да – офицерлер мен мерзімді қызметтегі сарбаздар арасында да кеңінен танымал.
Мерейтой күніне орай Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері мен оқу орындарында тақырыптық кездесулер, әдеби кештер, оқу байқаулары, театрландырылған қойылымдар өтіп, Абай әндері де шырқалды. Сарбаздар мен курсанттардың кітапханаларында әскери қызметшілер мен олардың отбасыларының қатысуымен әңгімелер ұйымдастырылады. Әлеуметтік желілерде ақынның қара сөздерін оқудан челлендж өткізіліп жатыр.
Мұндай іс-шараларды өткізудегі мақсаты – патриоттық және адамгершілік құндылықтарды нығайту, Қазақстанның ұлттық мәдениеті мен рухани мұрасын қастерлеуге тәрбиелеу.
Оқи отырыңыз

Пікірлер (0)