Құрбан айт – мейірім мерекесі

Жаңалықтар
view 265
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Алла қаласа, биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі 6 маусымда басталады. Қазақстан мұсылман­дары діни басқармасы бірқатар алыс та жақын мұсылман елдері­нің ғұламаларымен, пәтуа шығару орталықтарымен кеңесіп, осын­дай пәтуа қабылдады. 

Мұсылманша қасиетті зұл­хиж­жа айының алғашқы он күн­інде барынша ынтамен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысқан абзал. Өйткені қасиетті хадис-шариф­терде осы айда орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазыла­тыны айтылған.

Ал арапа күні ораза ұстау – сүннет амал. Шамасы келмеген адамға ораза ұстау міндет емес. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және кел­есі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін» деген.

Бағзы заманнан бері Ислам дінін рухани тірегіне айналдырған халқымыз Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алған. Малдың семізін, жарамдысы мен ең жақсысын құрбандыққа шал­ып, оның етін тұрмыстық жағдайы төмен адамға тарату, қонақ күтіп, үлкеннің батасын алу, сыйлық-кәде беру, ренжіткен жанды кеші­ру сынды амалдар – дәстүрімізде қалыптасқан ізгі құндылықтар. 

Халық арасында ұлт ұстазы ат­ан­ып кеткен Ахмет Байтұрсын­ұлы: «Дін адамды түзейтін, тәр­тіпке салып тұратын бір күш. Халықтың діні дұрыс болса, рухы да, жолы да түзу болады», – деген.      

Шын мәнінде, Құрбан айт – жалаң құрбандық емес, ол – ішкі жан-­дүниеңді тазарту мен рухани тұрғыдан жаңғыру деген сөз. Сұлтанмахмұт Торайғыров баба­мыз бір сөзінде дін шын ақыл, ғы­лым­мен бірлік етсе ғана шын дін болатынын, құр көңілге сеніп, құлшылық ету дұрыс емес екенін айтқан. 

Расында «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда «Хаж» сүресінің 37-аятында: «Ұмыт­паңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпей­ді. Оған жететін нәрсе – жүрек­теріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» делінген. 

Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауа­ты мен сәлемі болсын): «Адам баласы Құрбан айт күні құрбан шалудан өзге амалымен Аллаға жақындаған емес...» деп, бұл күн­дері Аллаға ұнамды әрі ең сүйікті амал – құрбан шалу екенін жеткізген. 

Бір сахаба ардақты Пайғам­бары­мыздан (оған Алланың сал­ау­а­ты мен сәлемі болсын) құрбан шалудың сауабы жайлы сұрайды. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құр­банның әрбір қылы үшін бір сауап бар», – деп жауап береді. Са­хаба тағы да: «Уа, Алланың Ел­шісі, шалынған құрбандық мал қой болса, сауабы қандай бола­ды?» деп сұрағанда Пайғамбары­мыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оның әрбір тал қылы үшін де бір сауап бар», – деп жауап қайырған екен.    

Материалдық мүмкіндігі бар, әрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уәжіп, мұсыл­мандық міндет. Ал шамасы кел­ме­ген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетім­дер мен көпбалалы отбасы­ларға көңіл бөлу – сауапты іс.

Құрбан айт тек құрбан шалу­мен шектелмейді. Бұл – ағайын арасын жақындата түсетін күн. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жолын ұстанады. Айт күндері туысқанның басын қосып, қарым-қатынасты күш­ейткен абзал. Құрбан айт – отбасы құндылығын арттыратын мереке. Ата-анамызға, бала-шағамызға сый­лық беріп, оларға арнайы көңіл бөліп, барынша қуантайық. Мұн­дайда өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтыла­ды, мерекені асы­ға күтеді. 

Өздеріңізге мәлім, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2025 жылды діни қызмет аясында «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялады. Алла қала­са, игі бастама аясында қасиетті Құрбан айт күндері жүзеге асатын ізгі іс-шаралар отбасы құндылы­ғын, жанұя жарасымын арттыруға бағытталады. Сіздерді де осы бас­тамамызға үн қосуға шақырамыз.  

Алла қаласа осы жылы да елі­мізде құрбан шалу рәсімі офлайн және онлайн форматта өтеді. Діни басқарма халыққа қолайлы жағ­дай жасау мақсатында Құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге ар­нал­ған qurban.muftyat.kz сайтын іске қосты. Дінімізде құрбандық шалу рәсімін басқа біреуге тап­сырып, оны өкіл ете алады. Демек, онлайн форматта құрбандық шалуға тап­сырыс бере аласыздар. Құрбандық еті мұқтаж жандарға, яғни мақсат­ты орындарға жеткізі­л­еді.  

Өздеріңізге белгілі, біз былтыр Құрбан айт күндері респуб­лика­лық қайырымдылық акция­сын ұйымдастыру үшін арнайы жұмыс штабын құрдық. Оған елі­міз бойын­ша 1388 дін қызмет­кері мен «Зекет және қайырым­дылық» қорының еріктілері үлес қосты. Нәтижесінде, жалпы саны 40 778 мал құрбандыққа шалын­ып, 131 ет қабылдау пункттеріне жи­нал­ған құрбандық еті 136 964 отбасы­ға жеткізілді. 

Құрбандық еті 358 мекемеге, атап айтқанда, мүгедектер, зағип­тар қорына, ауруханалар мен арда­герлер үйіне берілді. Биыл да осы қайырымдылық іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға дайынбыз. Алла қаласа еліміз бойынша 60 орында құрбан шалу рәсімі жүзеге асады. Барша жер­лестерімді ортақ сауапты іске үлес қосуға үндеймін. Сіздердің жаса­ған қайырымдылық амалдарыңыз мақсатты орындарға, нақты айт­қан­да, мешіттен көмек сұрап келген әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға беріледі.   

Осы ретте айта кетер маңызды мәселе: жыл сайын Құрбан айт күн­дері жекелеген азаматтар, соны­мен қатар кейбір бізге бей­мә­лім қорлар мен ұйымдар ха­лық­­­ты онлайн құрбандық жасауға үгі­ттеп келеді. Олардың жеке мүд­де­леріне қатысты осын­дай іс-әрекеттері еліміздің мұсыл­м­ан жамағатын алдаңдату­да. Сондық­тан қайырымдылық іс-шара­ларды жеке мүдделеріне қолдана­тын қор­лар­дан сақ болуға ша­қыра­мыз.  

Қожа Ахмет Ясауи бабамыз бір даналық сөзінде Хаққа қызмет халыққа қызмет етуден бастала­тынын айтқан. Бұл – халықтың разылығы – Хақтың разылығында деген сөз. Осы ретте еліміздегі бар­ша шаруа қожалықтарының қожайындарын мал құнын қол­дан көтермей, халыққа оңтай­лы баға­ны ұсынуға шақырамын. 

Әрине, еңбектің ақталғаны жақ­сы. Дегенмен біз «пайда ойла­ма, ар ойла» деген қанатты сөзге мән берген халықпыз. Алла Тағала хал­ық­қа жасаған жақсылықтар­ыңыз­ды өздеріңізге еселеп береді. Өйт­кені Жаратушы Жаббар Иеміз Құранда «Бақара» сүресінің 272-аятында: «Әрбір жақсы нәр­се­ден жасаған қайыр-садақаларың (сауабы) өздеріңе толық қайтар­ыла­ды, сендерге әділетсіздік іс­тел­мейді» деп, мұсылман баласын зор қуан­ышты хабармен сүйінші­леген. 

Сонымен қатар барша кәсіп­керлерді тұрғындар күнде тұтына­тын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін. Алла­ның рақым нұры төгілетін Құрбан айтта жұртымызға жақсылық жа­сап, көпшіліктің алғысын ал­ай­­­ық, ағайын! 

Халқымыз: «Жыртық үйдің Құдайы бар» деген. Бұл – мұқтаж адамды қуанышқа бөлеген пенде міндетті түрде Алланың игілігіне кенеледі деген сөз. Алла Тағала шалған құрбандығымызды, берген садақамызды қабыл етіп, екі дүние нығметін нәсіп еткей! Әумин! 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *