Спорттық мансабымды аяқтауға шешім қабылдадым - Елдос Сметов
Сурет: Ашық дереккөзден
Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов спорттан кеткісі келгенін айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпараттық порталы Vesti.kz порталына сілтеп.
Қазақстандық дзюдошы, Париж-2024 Олимпиадасының алтын жүлдегері Елдос Сметов Олимпиада алдында спорттағы мансабын аяқтағысы келгенін айтты.
Оның айтуынша, Париждегі Олимпиадаға апарар жол оңай болмаған. Азия чемпионатында жеңіліске ұшырап, Олимпиадаға жолдама алу қиынға соққан.
«2024 жылғы Олимпиадаға апарар жол маған өте қиын тиді, жолдама алу оңай болған жоқ. Азия біріншілігінде жеңіліп қалдым. Олимпиада басталуына үш ай қалғанда спорттық мансабымды аяқтауға шешім қабылдадым.
Азия чемпионатынан кейін ата-анама хабарласып, спорттан кеткім келетінін айттым. Әкем маған: «Олимпиадаға аз ғана уақыт қалды. Бақ сынап көр, кейін тырыспағаныңа өкінуің мүмкін», — деді. Ал анам: «Барлығын түсініп отырмын, сенің қиналып жүргеніңді де білемін. Бірақ мен алда үлкен қуаныш болатынын сезіп тұрмын», — деді.
Анамның осы сөзінен кейін менің спортты тастауға құқым болмады. Залға қайта оралуға бел будым. Бұл жеңіс маған қаншама күш, еңбек, тер төгумен келді, бірақ осының бәрі соған тұрарлық болды», — деді Сметов.
Оқи отырыңыз

Пікірлер (0)