ШҚО-да басқарма басшысы жиналыста әдепсіз сөйлегені үшін жауапқа тартылды
Фотосурет: дереккөз
Жиналыста бейәдеп сөйлеген ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов даулы жағдайдан кейін тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі POLITICO.KZ-ке сілтеме жасап.

Облыстық әдеп жөніндегі кеңестің отырысында бұл мәселе қаралып, кеңес мүшелерінің басым көпшілігі қатаң сөгіс түріндегі жаза қолдану туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ облыс әкіміне тиісті шара қабылдау жөнінде ұсыныс жолданды. Бұған дейін шенеунік көпшілік алдында кешірім сұраған еді. Ал бүгін кеңес отырысында өз қатесін мойындап, онлайн жиналысқа қатысқан әріптестерінен тағы да кешірім сұрады, – делінген әкімдік хабарламасында.
Ресми мәліметке сәйкес, Асқар Можанов 18 жыл бойы мемлекеттік қызметте еңбек етіп келеді және бұл – оның алғаш рет тәртіптік жазаға тартылуы.
Әкімдік өкілдері қызметкердің мас халде болғаны туралы тарап жатқан пікірлерге де түсінік берді. Айтуларынша, ол «ІІ типті қант диабеті» диагнозымен есепте тұр. Бұл сырқат оның физикалық жағдайына әсер етуі мүмкін. Шенеунік өз сөзін растау үшін медициналық комиссияның қорытындысын ұсынуға дайын екенін білдірген.

Өңір әкімдігі ашықтық, мемлекеттік қызметтегі әдеп пен заң талаптарын бұзушылыққа мүлде төзбеушілік қағидатын берік ұстанады. Мемлекеттік қызметкерлерге қатысты тәртіптік істер қатаң түрде заңнама талаптарына және объективтілік қағидаттарына сәйкес жүргізіледі, – делінген хабарламада.
Пікірлер (0)