Степногорск қаласы көктемгі су тасқынына дайындық шараларын бастады
Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі
Ақмола облысының шығыс бөлігінде орналасқан Степногорск қаласы 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Өңірде бұрынғы жылдары төтенше жағдайлар тіркелмегенімен, алдын алу шаралары жыл сайын атқарылып жатыр. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Қабдулла Орынбасаров мәлім етті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Изобильное ауылы су тасқыны қаупі жоғары деп танылған елді мекен. Ол Селеті өзенінен 500 метр қашықтықта орналасқан. 5 үйді 24 адамды су басу қаупі бар. Ауылда ескерту сиренасы орнатылып, уақытша бақылау бекеті құрылған. Төтенше жағдай туындаған жағдайда, 420 адамға арналған 5 эвакуациялық пункт дайындалған. Мал айдау үшін қауіпсіз аймақ белгіленген.
«Жедел әрекет ету үшін 124 маман және 55 техника бірлігі, «Степногорск-Водоканал» мекемесі су сорғыш техника, мотопомпа және насостармен қамтамасыз етілген. Су тасқынының қауіпсіз өтуі үшін 115 тонна инертті материал, 5000 қап, 10 тонна жанар-жағармай дайындалған. Төтенше жағдайларды жою үшін медициналық қамтамасыз ету, азық-түлік, жанар-жағармай және техникалық қызмет көрсетуге қатысты 8 меморандум жасалды», деп толықтырды спикер.
Қарабұлақ ауылында еріген суды бұру үшін ұзындығы 100 метр арық кеңейтіліп, тереңдетілген. Сондай ақ су өткізгіш құбырлар ауыстырылды. Изобильное ауылында Селеті өзенінің арнасы бойында ұзындығы 70 метр қорғаныс білігі нығайтылды.
«2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындықты күшейту үшін құрал-жабдықтар сатып алынды. 3 үшфазалы генератор, 3 мотопомпа шлангісі, 4 тіреулі тасымалды прожектор, Электрлік және дизельді жылытқыштар, Дәнекерлеу аппараттары, бұрыш кескіштер, газ және реттелетін кілттер, дәнекерлеу қолғаптары», деді спикер.
Өңірдегі автомобиль жолдарының ұзындығы 246 км құрайды, оның бойында 234 су өткізу құрылғысы бар, барлығы тазартылды. Қосымша тазарту жұмыстары жалғасады. 2025 жылы 160 000 м³ қар шығарылды, ал қала тазалығына 180,3 млн теңге бөлінді.
«2025 жылдың 4 наурызында Селеті өзенінің бойында, Изобильное ауылы маңында, «АК Алтыналмас» АҚ күшімен тегін мұз жару жұмыстары жүргізілді. 700 м² мұз қабаты ойылып, қатты мұз массалары бөлшектелді. Степногорск қаласы әкімдігінде көктемгі су тасқыны кезеңінде күшейтілген режимде жұмыс істейтін жедел штаб құрылды», деп қорытындылады қала әкімінің орынбасары.
Қабылданған шаралар Степногорск өңірінде су тасқыны қаупін барынша азайтуға және халық пен инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Пікірлер (0)