5 жылға сотталған Сандуғаш Жұмабектің түрмедегі қиын тағдыры туралы романы сатылымға шықты
Фотосурет "Мәденеит порталы"
Алаяқтық жасады деген айыппен 5 жылға бас бостандығынан айырылған тағдырлы жан Сандуғаш Жұмабектің өзі туралы «Түрме сыртындағы сатқындық» атты романы жарық көрді. Кітап шыққан алғашқы аптаның ішінде-ақ оқырман арасында қызу талқыланып, әлеуметтік желілерде кеңінен тарала бастады. Себебі онда оқыған адамның сезімін бірден селк еткізіп, көңіліне көп ой салып, шырылдаған шындықтың шыңырауына еріксіз жетелеп әкететін шынайылық бар. Қазақ тілінде өз басынан өткерген оқиғаны қаз-қалпында қағазға түсіріп қана қоймай, көркем тілмен өрнектеп, жеңіл қабылданатын стильде жазылған мұндай туынды некен-саяқ. Сондықтан «Түрме сыртындағы сатқындық» кітабын қолына түсірген адамның оны сатып алғанына еш өкінбесі анық, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ MadeniPortal.kz сілтеме жасап
Жалпы алғанда, «Түрме сыртындағы сатқындық» – бостандықты қараңғы қапас қақпасынан емес, адамның ішкі ар-ожданынан іздейтін психологиялық-әлеуметтік роман.
Бұл туындыда бас кейіпкердің ауыр балалық шағы, тірі жетімнің күйін кешкен тағдыры және темір тордың арғы жағындағы қорлығы қатар өріліп отырады. Автор оны өзегін ащы өксік қысып отырып шебер суреттеген.
Түрмеге жазықсыз қамалғанын еске салған Сандуғаш Жұмабек өз шығармасында өміріндегі біраз жайттың бетін ашып тастаған. Сондай-ақ романда әйелдер түрмесіндегі қатыгездік, ішкі тәртіп, психологиялық қысым мен әділетсіздік шебер суреттеледі.
«Мен бұл кітапты ақталу үшін жазған жоқпын. Ақталу – кейде адамның өз өмірінен қашуы. «Бұл мен емес едім» деп, бастан өткен шындықты өзгенің иығына артып қою оңай. Бірақ мен өз тағдырымды ешкімге жаба салғым келмейді. Менің өмірім – үнсіздіктен, сенімнен, қорқыныштан, үміттен құралған күрделі түйін. Сол түйіннің үстінен соттың бір ғана үкімі өтіп, бәрін тас-талқан етті. Адамды бір сөйлеммен өлшеуге болмайды. Заң қағазға сыяды, ал жанның салмағы ешқандай қағазға сыймайды», – дейді автордың өзі.
Оның айтуынша, адамды кейде темір тор емес, бала күнінде жүрекке қадалған бір ауыз сөз өмір бойы қинайды екен. Бірақ оны өзі кеш түсінген. Бала күнінен-ақ өзін бір үйдің ішінде жүрген бөтен адамдай сезініп өскен.
«Бәрі бар секілді еді. Шаңырақ, дастарқан, адамдар бар. Бірақ мен туралы айтылатын естелік жоқ болатын. Сонда да үндемедім. Өйткені үнсіздікке ерте үйрендім. Кейін өмір мені түрмеге алып келді. Сол кезде түсіндім: адамды сот үкімі емес, сенген адамының сатқындығы көбірек сындырады екен. Темір есіктің арғы жағында отырғанда адамның сүйегі емес, жаны тоңады. Түн ішінде балаңды ойлап, жастық құшақтап жылайсың. Бірақ ешкімге көрсетпейсің. Себебі түрмеде жылап, әлсіреуге болмайды. Ол жерде адамды аштық та, суық та емес, үмітсіздік жейді екен», – дейді роман авторы.
Сандуғаш Жұмабектің айтуынша, «Түрме сыртындағы сатқындық» – ойдан шығарылған ертегі емес.
«Бұл – менің басымнан өткен өмір. Автозактың сықыры, суық камераның иісі, СИЗО-дағы әйелдердің мұңы, қорлық, сағыныш, жалғыздық – бәрі шынайы. Бұл кітапта түрмедегі әйел ғана емес, бала күнінен мейірім іздеп өскен жанның тағдыры бар. Кейде адам бостандықта жүріп-ақ тұтқын болады екен. Ал кей адам темір тордың ішінде отырып та рухын сындырмайды. Мен осы кітапты біреуден аяныш сұрау үшін жазған жоқпын. Тек үнсіз кеткен шындықтың дауысын жеткізгім келді», – дейді тағдырлы автор.
Сөз соңында Санадуғаш Жұмабек егер осы кітапты оқып отырып, бір адамға үкім айтпас бұрын жүрегіңіз бір сәтке жұмсарса, онда өзінің бар көрген қорлығы мен көз жасы босқа кетпегенін айтады.
Роман туралы ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Жүрсін Ерман: «Сандуғаш Жұмабектің «Түрме сыртындағы сатқындық» романы – оқиғадан бұрын адам мінезін сөйлететін, жанның жарасын ұсақ деталь арқылы терең сезіндіретін туынды. Бұл шығармада түрме тек өмірдің қараңғы қалтарыстары ғана емес, тағдырдың тар соқпағы, адамның өз-өзімен бетпе-бет келіп, ішкі таразысына түсетін ауыр кезеңі ретінде көрінеді. Баяндауы жинақы, тілі табиғи, құнарлы», – деп бағалаған.
Сандуғаш Жұмабектің «Түрме сыртындағы сатқындық» романы жарық көрген сәттен бастап әдеби ортада жылы қабылданып, оқырман назарын аударған туындыға айналды. Әйел тағдыры, түрме шындығы, балалық жарасы мен адам жанының ішкі арпалысын арқау еткен шығарма туралы елге белгілі ақындар да өз пікірін білдіріп, романның көркемдік қуаты мен рухани салмағына жоғары баға берді.
Ғалым Жайлыбай, ақын: «Түрме сыртындағы сатқындық» романы ауыр балалықтың жарасын түрме шындығымен шынайы жалғап, адам жанының жетімдігін терең сезіндіреді. Мұнда түрме – жаза орны ғана емес, мейірім көрмей өскен жүректің қорқынышы мен бүгінгі үкімді жалғаған қараңғы көпір. Шығармада қылмыстан гөрі адамның қажуы мен мұқалуы, соның өзінде адамдықтың өшпей тұрары нанымды берілген».
Маралтай Райымбекұлы, ақын: «Бұл роман – оқиға соңына түспей, адам жанының ең нәзік, ең ауыр қатпарларын ашуға құрылған шығарма. Мұндағы темір тор – жай ғана түрме кеңістігі емес, сенімнің сынған тұсы, ардың жарасы, уақыттың тұйық үні. Автордың тілі сабырлы, салмақты. Оқырманды айқайға емес, үнсіз ойдың тереңіне бастайды. Мен бұл романнан жазаның өзін емес, адамдықты жоғалтпай сақтап қалудың қасіретті шындығын, сыртта қалған сатқындықтың іште күн өткен сайын үлкейе беретін жарасын таныдым».
Бауыржан Қарағызұлы, ақын: «Автор темір тордың ар жағындағы тіршілікті ғана емес, адамның өз ішіндегі сірескен шідерді де шешеді. Әсіресе, әке қасіреті – романның соғып тұрған жүрегі. “Әке” деп айта алмай қалған жалғыз ауыз сөздің салмағы бір тағдырдың ғана емес, тұтас бір ғұмырдың жүгін көтеріп тұр. Бұл романда арзан көз жасы да, жасандылық та жоқ. Бәрі де шынайы, ауыр, тірі. Өйткені бұл романның басты кейіпкері – қайтпас қайсар Сандуғаш Жұмабектің өзі».
Осы пікірлердің барлығы романның жай ғана оқиғалық шығарма емес, адам тағдырының ең нәзік, ең ауыр тұстарын қозғайтын терең психологиялық туынды екенін айқындайды. «Түрме сыртындағы сатқындық» – темір тордың ар жағындағы өмірді ғана емес, адам жүрегіндегі кешірілмеген жараны, жоғалмаған үмітті, сынбаған рухты сөйлететін салмақты шығарма.
Еске сала кетсек, «Түрме сыртындағы сатқындық» кітабын «Меломан-Marwin» кітап дүкендері желісіндегі интернет дүкеннен немесе kaspi.kz арқылы оңай сатып алуға болады.
Пікірлер (0)