Ақмола облысында балалар қауіпсіздігіне бағытталған профилактикалық жұмыстар күшейді

Жаңалықтар
view 35
news

Фотосурет: Дереккөз

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу – Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауындағы маңызды бағыттардың бірі. Осыған байланысты Ақмола облысында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер қылмысының алдын алу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Айнагүл Қуандықова мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде облыстағы барлық білім беру ұйымдарына полиция қызметкерлері бекітілген.

Жалпы 396 қызметкер мектептер мен колледждерде профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Жыл басынан бері оқушылар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 3 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылған.

«Біздің басты мақсатымыз – құқық бұзушылықтың алдын алу. Сондықтан полиция қызметкерлері мектептерде тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді», – деді спикер.

Сонымен қатар буллинг, бопсалау, лудомания және басқа да келеңсіз әрекеттердің алдын алу үшін жастар ортасына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Әлеуметтік желілердегі балалар арасындағы жанжалдар да бақылауда.

Қазіргі таңда облыста 970 бала тәрбиеленіп отырған 678 қолайсыз отбасы есепте тұр. Жыл басынан бері бала тәрбиесіне жауапсыз қарағаны үшін 425 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Спикер интернеттің балалар тәрбиесіне теріс әсеріне де тоқталды.

«Қазіргі балалардың көп уақыты әлеуметтік желілерде өтеді. Интернеттегі агрессия мен зорлық-зомбылықты насихаттайтын контент жасөспірімдердің психологиясына кері әсер етеді», – деді Айнагүл Қуандықова. 

Қабылданған шаралардың нәтижесінде облыста кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс саны 59,1 пайызға төмендеген. Жазғы демалыс қарсаңында полиция департаменті ата-аналарды балалар қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырады. Мамандар балаларды қараусыз қалдырмауға, су айдындары маңында бақылауды күшейтуге және жол қауіпсіздігі ережелерін сақтауға кеңес береді.

«Балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ата-ананың жауапкершілігіне байланысты. Бала әрқашан үлкендердің іс-әрекетін қайталайды», – деп қорытындылады Айнагүл Қуандықова.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *