Шымкентте сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы кабинетінде кісенделді
Сурет: Ашық дереккөзден
Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешов жұмыс кабинетінде ұсталды. Бұл туралы Janabastau.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Антикор дерегінше, оған Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 4-бөлігі («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу») бойынша айып тағылып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Әбдешов бұл қызметке биыл ақпанда, қала әкімінің орынбасары болып Руслан Берденов тағайындалған тұста келген. Оның тұтқындалуы дәл қазір «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директоры Ернар Жиембайдың Берденовке қастандық ісі бойынша өтіп жатқан сот процесімен тұспа-тұс келді. Компанияда қазір аудит жүріп жатыр.
Күні кеше қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың көмекшісі сотта куәлік беріп, күтпеген мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Руслан Берденов әр жиналысты басқарма басшыларын тексеріспен қорқытудан бастаған:

«Берденов жиналыс сайын «антикор» мен экономикалық тергеу қызметін барлық жерге жіберемін» деп ескертіп отыратын», – деді куәгер.
Куәгерлердің сөзінше, Берденов әр жиналысты басқарма басшыларын тексеріспен қорқытудан бастаған. Бұл оқиғалардың байланысы әзірге белгісіз, алайда Әбдешов ұсталған күні әкімдіктің ресми сайтындағы сәулет басқармасы парақшасы ашылмай қалған.
Әкім Ғабит Сыздықбеков бұл жағдайға қатысты пікір білдірмеді.
Пікірлер (0)