Тәуелсіз елдің тірегі – тіл

Руханият
view 3004
news

Әлем дамуына көз салсақ, мемлекет халқын топтастыратын бірнеше құндылықтар бар, солардың ең негізгілері – ұлттық, діни, азаматтық және тілдік факторлар. Қазақстанға соның қай нұсқасы жақын? Түрлі объективті-субъективті себептерге байланысты біз халқының 90 пайыздан астамын жергілікті ұлт өкілдері құрайтын Жапония, Армения (ұлттық фактор) немесе мемлекеттің саясаты ислам құндылықтарына құрылған, қоғамдық ақпараттың 90 пайызы дін тақырыбына арналған Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері (діни фактор) әйтпесе азаматтық мақтанышты, патриотизмді ту еткен АҚШ, Израиль (азаматтық фактор) т.б бола алмаймыз.

Енді қалғаны – тілдік фактор. Оған Еуропада да, жаһанның басқа құрлықтарында да мысал жетерлік. Әлемде ұлттық құрамы жағынан Қазақстаннан әлдеқайда көп ұлыстар біртұтас мемлекет құрып, тату-тәтті өмір сүріп жатқан елдер көп. Мәселен, Францияда – 180 ұлт, Түркияда –140 ұлт, Ұлыбританияда тіпті 1 мыңға тарта ұлт өкілдері тұрады, тек Англияның өзінде ғана 300 тілде сөйлейді деген дерек бар. Бірақ олардың бәрі өздерін французбын, түрікпін, тағы сол сияқты өздерінің тұрғылықты мемлекеттерінің төл ұлтының атауымен атап, сол елдердің мемлекеттік тілінде сөйлейді. Осы қисынға қарағанда Қазақстан халқын топтастырушы негізгі фактор – Тіл болса керек.

Заман қалай өзгерді?

Қазақстанда тіл туралы заң ең алғаш КСРО кезінде 1989 жылы қабылдаған еді. «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Тіл туралы» Заңы деп аталған құжатта «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі болып табылады» делінген. Ол заманда елдегі қазақтардың саны – 39,7 пайыз, орыстардың саны 37,8 пайыз болатын. Сондықтан, екі ұлттың қарасы деңгейлес болғандықтан, мұндай заңның қабылдануына түсіністікпен қарау да керек шығар. Бірақ одан бері отыз жыл өтті, ел дамыды, қоғамдық формация өзгерді, өмірге басқа құндылықтар келді. 1990 жылы Алматыда «Қазақстандағы тіл саясаты және оны жүзеге асыру жолдары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Мұнда тіл саясатын жүргізудің теориялық және практикалық мәселелері талқыланып, ел аумағында қазақ тілін және басқа тілдерін дамытудың он жылдық, яғни 2000 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы мақұлданды. 1993 жылы Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы қабылданғанда, «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп танылды. Осы бап 1995 жылы жаңадан қабылданған Атазаңда тағы да аталып көрсетілді. Бұл кезде елімізде 16,6 млн адам тұрса, оның 46% (7,6 млн) қазақ, тағы 46% славян ұлттар – орыс, неміс, украин, беларус, т.б. болған еді. Кейінгі, 1997 жылғы «ҚР Тіл туралы» Заңда да «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген ескі сүрлеу сол қалпында қалды. Дегенмен, мұнда мемлекеттік тілдің қолданудың құқықтық негіздері, қазақ тілі мен басқа ұлт тілдерін оқып-үйрену және дамыту үшін жағдай жасау міндеттері айшықты белгіленіп берілген. 1998 жылы қабылдаған Үкімет қаулысында «...мемлекеттік істің барлық салаларында мемлекеттік тілдің белсенді қолданылуы үшін басым жағдай жасау қажеттігі» ескертілген.

Он жылдық бағдарлама не берді?

2001 жылы Президент Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қазақ тілінің қолданыс аясын мемлекеттік тіл мәртебесіне лайық кеңейтуді, ресми құжаттарды ресімдеудегі оның рөлін арттыруды көздеді. Он жыл мерзімге есептелген бағдарламада Қазақстандағы тіл құрылысының ұзақ мерзімді стратегиялық басымдықтары, мақсаттары мен міндеттері айқындалды, оларды жүзеге асырудың басты бағыттары мен іске асыру тетіктері белгіленді. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н. Назарбаев жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында, басқа да алқалы жиындарда мемлекеттік тілді дамытуды ұдайы айтып жүрді. 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында мемлекеттік тіл жөнінде жасаған баяндамасында: «Патриотизммен тығыз байланысты мемлекеттік маңыздағы мәселе – мемлекеттік тіл мәселесі. Мемлекеттік тіл – бұл Отан бастау алатын Ту, Елтаңба, Әнұран секілді нышан. Және ол елдің барша азаматтарын біріктіруі тиіс» деп атап өткен болатын. Елбасы «15 жылдан бері мемлекеттік тілді аю да үйреніп алатын уақыт болды» деп ашына айтқан болатын. Осы жылы Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия құрылды. Комиссияның негізгі міндеттері: мемлекеттік тілді кешенді және жүйелі түрде енгізу, елде орыс тілін білудің жоғары деңгейін сақтап қалу, ағылшын тілін тереңірек және қарқынды үйрену жүйесін құру жөнінде ұсыныстар әзірлеу; мемлекеттік тіл саясатын және тілдік құрылысты іске асыру тетіктерін одан әрі жетілдіру болып табылады. 2009 жылы көпшілік талқылауынан өтіп бекітілген «Ұлт бірлігі» доктринасына қазақстандықтардың қазақ тілін білуін міндеттейтін тармақ енгізілді. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында «Қазақ тілін 2017 жылы халықтың 80 пайызы, 2020 жылға қарай 95 пайызы игеріп, ендігі 10 жылда мектеп түлектерінің 100 пайызы осы тілде еркін сөйлеуі керек» деп, осы міндеттерді жүзеге асыру үшін тиісті салалар мен жергілікті атқарушы органдарға тапсырма бергені естеріңізде болар. 2009 жылғы санақ барысында республикадағы немістердің 24,7 пайызы, орыстардың 25,3 пайызы, украиндардың 21,5 пайызы, поляктардың 20,9 пайызы, беларусьтердің 19 пайызы қазақ тілін білеміз деп мәлімдеген. Яғни еуропалық ұлттардың 1 миллионнан астамы қазақшаны еркін түсінген. Ал түркі ұлтының өкілдері мемлекеттік тілді тіпті тамаша меңгергенін көреміз: өзбектердің 95,5 пайызы, ұйғырлардың 93,7 пайызы, қырғыздардың 92,7 пайызы қазақша сөйлеген. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің басты факторының бірі – ол тілді қолданушылардың көптігімен есептелетіні түсінікті. 2013 жылы өткізілген халық санағының қорытындысы бойынша халықтың этноқұрамы келесідей: қазақтар – 65,2%, орыстар – 21,8 пайыз болған еді. 2015 жылы Елбасымыз тарихта тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымында қазақша сөйлеп, бүкіл әлем президенттері алдында қазақ тілінде баяндама жасап, Қазақ хандығының 550 жылдығына керемет тарту жасаған еді. 2018 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында: «Парламент пен Үкіметтің жұмысы тек мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс» деп нақты тапсырма берді. «Мемлекеттің болашағы – балалар» деген қағидаға сүйенсек, 2018 жылы қазақ мектептеріне баратындар саны 92 пайызға жетті! Ал 2020 жылы Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев ABAI TV арнасына берген сұхбатында «Қазақстан халқы – 19 миллионнан, қазақтардың саны 78 пайыздан асты» деген мәлімдеме жасады. Оған қоса, ресми ақпараттарда славяндық диаспорасы өкілдерінің 25,3 пайызы қазақ тілін меңгергені анықталды. Сондай-ақ, ел ішінде орыс тілін білмейтін, шала білетін шалғай ауылдардың халқы мен қандас бауырлардың саны әлденеше миллионға жетіп отыр.

Халықтың талабы қандай?

2019 жылы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика Президенті болып сайланғаннан кейін, халыққа арнаған алғашқы Жолдауында: «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деп атап көрсетті. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің 2019 жылдың 6 қыркүйектегі отырысында ұлт зиялылары кезекті рет Конституциядағы «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп көрсетілген тармақты алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін көтерді. Үндеу халықтың қызу қолдауына ие болды. Оның «Қазақ үні» ұлттық порталында жарияланған электордық нұсқасына айналдырған 1,5 айдың ішінде 122 401 адам қол қойған. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бұл ұсынысты өндіріске алып, бүгінгі заман мен қоғам талабына сай «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасының тұжырымдамасын жасап, Үкіметке жіберді. 2019 жылы Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мәресіне жетті. Енді Үкіметінің қаулысымен Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның мақсаты: қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу болып табылады. Бағдарлама аясында мемлекеттік қызметтің «Б» корпусының лауазымына орналасуға үміткерлерге «Қазтест» жүйесі бойынша шекті мән белгілей отырып, тестілеуден өткізуді енгізу жоспарланған. Сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілерге тілдерді меңгеру бойынша талаптар белгілеу мәселесін пысықтауда. Бүгінгі күні «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ талаптарына сәйкес, халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлеріне қазақ тілін білу міндеттелген. «Мемлекеттік тіл туралы» Заңның талаптарына сәйкес мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тілде әзірленіп, қабылданады. Қазіргі күні мемлекеттік органдар дайындайтын іс қағаздардың 93%-ы қазақ тілінде. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың ұйымдарындың статистикалық-есеп, қаржы және техникалық құжаттама жүргізу мемлекеттік және орыс тілде қамтамасыз етіледі. ҚР Президентінің 2020 жылғы Жарлығына сәйкес тілдерді дамыту саласындағы функциялар мен өкілеттіктер Білім және ғылым министрлігіне берілді. Бүгінде республика аумағында қазақ тіліне үйрететін 99 мемлекеттік орталық жұмыс істейді, оларда оқыту тегін. Орталықтарда мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, жұмыссыздар, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер және ҚР-ға тұрақты тұруға көшкен азаматтар оқи алады. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында құрылған «Tilalemi.kz» порталы, «Atau.kz» ономастикалық базасы, «Emle.kz» орфографиялық базасы, «Тermincom.kz» базасы, «Tilmedia.kz» үш тілді сайты, балаларға арналған «Balatili.kz», мемлекеттік тілді үйретуге арналған «Тіл-құрал» веб-сервисі және барлық сала құжаттарының қазақша үлгісі мен қатесіз толтыру нұсқаулығы берілген «Qujat.kz» (Құжат.кз) сайттары жұмыс істейді. «Теrmincom.кz» сайтының базасында жұртшылықты терминологияның жай-күйі мен термин жасаудың негізгі принциптері жөнінде хабардар ететін электронды алаң іске қосылды. Сондай-ақ, терминдерді тұрғындармен талқылау үшін электронды ашық алаң құрылды. Ұлттық терминологиялық комиссия жанынан 18 салалық терминологиялық секция құрылды. Әртүрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялардағы сөздер мен тіркестерді, көнерген сөздер мен кірме сөздерді, жаңа сөздерді түсіндірмесімен онлайн-іздеу функциялары бар «Sozdikqor.kz» порталы құрылды. Жыл сайын «Мемлекеттік тіл және БАҚ», «Тіл шебері», «Тілдарын», Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, түркі, славян жазбалары мен мәдениеті күндері және басқа да түрлі форматты іс-шаралар өткізіледі.

Түйін: Қазақ тілі әлемдегі 6 мыңға жуық тілдің ішінде қолдану өрісі бойынша 70-орында тұр, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы тұрғысынан алғашқы ондыққа кіреді. Сондай-ақ дүниежүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан 600 тілдің арасында мемлекеттік мәртебеге ие болған 200 тілдің қатарында.

Дәулет АСАУ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *