Ардақтым Ниетқалиева. Ертегілер

Руханият
view 1802
news

Суретке түсірген Мейірбек Тажкуранов

ЕДІЛ МЕН ЖАЙЫҚ ЖӘНЕ АҚҚИҒАШ ТУРАЛЫ ЕРТЕГІ

Ерте, ерте, ертеде біздің өңірде Атырау деген әрі батыр, әрі данышпан адам өмір сүріпті. Атырау сондай мейірімді де қайырымды жан екен. Жетім көрсе жебепті, маңдайынан сипап «айналайын» деп, соңына ертіпті. Жылағанды жұбатыпты, жабыққанды қуантыпты, ашыққанды тойдырыпты. Соңына ерген елін аңшылық, балықшылық, егіншілік кәсіпке үйретіпті.  Оған ерген бір қауым ел өздерін «Атыраулықпыз» деп атайды екен. Солайша олар жайлаған өңір кешікпей Атырау өңірі деп аталып кетіпті.

Атырау батырдың Еділ мен Жайық атты екі ұлы, Қиғаш есімді жалғыз қызы болыпты. Екі ұлы да әкесі сияқты ержүрек батыр екен. Сонымен қатар өз елі мен жерін сүйіп, қадірлейтін өнегелі де мейірімді, өзгеге қайырқомы мол болып ержетіпті. Жалғыз қызы Қиғаш сондай көркем де келісті, ақылына көркі сай, инабатты, нағыз арудың өзі боп бой түзепті. Атырау батыр қос ұлын үйлендіріп, жалғыз қызын ұзатып, ұрпақ қызығын көруді армандапты. Ол кезде елде жиі-жиі ашаршылық, жұт болып, елді қысымға ұшыратып тұрады екен. Бір жылы да қуаңшылық болыпты. Аспаннан тамшы тамбай, безеріп тұрып алыпты. Жаңбыр жаумағасын жерге қар суымен ерте шыққан көк қурап, мал тұяғы жетер жерде малға да, жанға да азық болар, тіске басар қорек қалмапты. Ел тәңіріге ақсарыбас шалып, жауын сұрапты. Міне, жаз аяғы да болды, бірақ бір тамшы су жоқ. Тіптен, қазған құдықтар да тартылып кетіпті. Ел ашығып, сусап қырылуға айналыпты. Сол кезде еліне жаны ашыған Атырау батырдың қос ұлы Еділ мен Жайық, жалғыз қызы Қиғаш күні-түні тәңіріден жалынып, елге бір жұтым су бере гөр деп сұрапты. Тіптен олар: «Біз өз жанымызды да қиямыз, тек елімізге бір жұтым су бере гөр» деп Көктәңірінің де мейірін өздеріне аударыпты. Сол кезде Көктәңірінің әмірімен Атырау өңірінде үш үлкен өзен пайда болыпты. Олар: Еділ, Жайық, Қиғаш өзендері екен. Қиғаш екі ағасының ортасында еркелеп, бұраңдап ағады. Бұл өзендер сусап отырған елдің сусынын қандырып, қойнындағы балығымен аштық апатынан сақтап қалыпты. Күні бүгінге дейін бұл үш өзен ұлан байтақ даланы кесіп өтеді. Жолындағы халықтың бәріне шапағатын тигізеді. Кейде Қиғаш өзені жаздың ортасына қарай жаңбыр аз болған жылдары тартыла бастайтыны бар. Сол кезде сүйікті қарындасына көмекке Еділ ағасы бірінші болып жетеді. Еділ өзенінен келген өр суы Қиғаштың суын молайтып, арнасын кеңейтеді. Жағасындағы халық оны Ақ Қиғаш деп еркелетеді. Міне, халқын сүйген шынайы перзенттер Еділ, Жайық, Қиғаш әлі де халқын асырап келеді. Халықтан алғыс алып келеді. Лайымда осылай жалғаса бергей. Ал, данагөй Атырау қартты да елі ұмытқан жоқ. Бүгінде Атырау елі көркейіп, кеңеюде. Осының бәрі сол ата бабалардың ақылы мен данышпандығының арқасы болса керек. 

 

АҚҚИҒАШТЫҢ БАУЫРЛАРЫН ҚҰТҚАРУЫ

Ертеде Каспий деген қарт өмір сүріпті. Кәрі Каспийдің Атырау деген жалғыз ұлы бар екен. Ал, Атыраудан Еділ мен Жайық атты екі ұл, Аққиғаш есімді қыз бала тарапты.

 

Кәрі Каспий елдің болашағын болжайтын ғұлама қариясы болса, оның ұлы Атырау елге әділ билік айтатын данышпан биі, Еділ мен Жайық елдің арқа сүйер батырлары, Аққиғаш сұлулығына ақылы сай,еліне қуаныш пен арман сыйлайтын аруы болған. Елін өздері аулаған балығымен, аң етімен асыраған Еділ мен Жайық көшіп-қонып жүрген жұртын бір жерге жинап, отырықшы елге айналдыруды көксепті. Сол армандарын іске асыру үшін күні-түні бел шешпей мал бағыпты, егін салыпты, сөйтіп халқына жақсы өмір сүрудің үлгісін көрсетіпті.

Күндердің бір күнінде аң аулап кеткен Еділ батыр үйге оралмапты. Оны іздеп Жайық жолға шығыпты. Алайда ол да сол кеткеннен мол кетіпті. Ағаларының бір пәлеге душар болғанын сезген Аққиғаш бауырларын іздеп жолға шығыпты. Ол келе жатып, бір жаман лашыққа кез болады. Ағалары туралы сұрамақ болып, лашыққа басын сұққан ол, лашықтың ішінде бүрісіп отырған бір кемпірді көреді. «Шеше, шеше, армысыз?» деп амандасқанда оған әлгі кемпір: «Сен неғып жүрген адамсың? Қайдан келдің?» дейді әлсіз дауыспен. Аққиғаш кемпірдің ауырып жатқанын біліп, оны емдеп жазады, жанында аз күн болғасын, өзінің басындағы жағдайды айтады. Сол кезде оған әлгі кемпір: «Қазір ұзақ жолға шығасың. Бір кезде жол екі айырылады. Сол жерде жаралы кептерді көресің. Бар мән жайды содан білерсің» дейді. Аққиғаш жолға шығады. Айтқандай, жол айырығына келгенде бір жаралы кептер жатыр екен. Аққиғаш кептерді емдеп жазыпты. Кептер біраз әл жинаған соң: «Мен сенің ағаларыңның қайда екенін білемін, алдыңда ұшып, жол көрсетіп отырайын, тек қорқушы болма, қорықсаң жолға шықпа! Бауырларыңды тек сен ғана құтқарасың. Бірақ қорқып, кері қайтсаң, өзің де тасқа айналасың» дейді. Сөйтсе, бір зұлым жезтырнақ Еділ мен Жайық батырларды қапаста тұтқында ұстап отыр екен. Ештеңеден қорықпайтын жан ғана оның сиқырлаған дуасының әлін кетіріп, қуатын семдіреді екен. Аққиғаш: «Мен бауырларым үшін бәріне дайынмын» деп, жолға шығыпты. Бір кезде өзенге тап болыпты. Өзен жағасындағы талдан сал жасап, енді өзенге түскен кезде бір құйын үйіріп ала жөнеліпті. Өзен суы кенет лаулап жана бастапты. Аққиғаш жанұшырып алға қарай есе беріпті. Көйлегінің әр жерін от шалып, салдың жартысына жуығы жанған кезде жаға да көрініпті. Бұл бірінші сынақ екен. Алда әлі екі сын бар. Жүріп келе жатып, орманға тап болыпты. Орман ішіне енген кезде кенеттен жан жағынан азу тісін ақситқан арыстандар тап беріп, қорқау қасқырлар өршелене ұмтылыпты. Аққиғаш от жаға жүріп, қолына от лаулаған  таяқты ұстап, орманнан да шығыпты. Енді алдынан биік тау пайда болыпты. Тауға өрмелеп шыға бастағанда кенет күн суытып, қар жауа бастапты. Аққиғаш аяқ- қолының үсігеніне қарамастан, таудан да аман шықса, алдында екі ағасы тұр екен. Ал, жезтырнақ анадай жерде домалап, жанып жатыпты.

Сөйтіп, нәп-нәзік қыз ержүректігімен ағаларын құтқарып қалыпты.

 

БЕКІРЕ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Ертеде Каспий атты дана қарт өз халқын ашаршылықтан құтқарам деп үлкен теңізге айналыпты. Каспий теңізінің ең үлкен балығы бекіре екен. Ол сондай әдемі, еті тіл үйіретін дәмді, уылдырығы сырқаттарға дәру болатын ерекше балық екен. Каспий теңізінен басқа жерде болмапты. Каспий жағасындағы ел, яғни, біздің ата бабаларымыз оны мақтан етіпті.

Бекіре балығы уылдырық шашар кезде теңізден өзенге шығады екен. Әсіресе, Еділ мен Жайық бойындағы елдер көктемде өзен жағасында улап-шулап жүруге тиым салыпты. Өйткені, уылдырық шашып жатқан балықтарды үркітіп алғысы келмепті. Бекірелер бұл кезде тобымен теңізден шығып,  өзеннің ең тайыз жеріне келіп, уылдырық шашады да, тобымен бірге теңізге қайтып кетеді. Сол кезде кішкене уылдырықтар шабаққа айналу үшін оларды қорғау мақсатында ата бекіре қалып қояды екен. Олар шабаққа айналады, сосын өсе бастайды. Ержеткен бекірелерді теңізге әкету де оңай емес. Жаңағы ата бекіре талай жыртқыш балықтармен шайқаса жүріп, балықшының ауы мен қармағына түсірмей, ұрпағын теңізге жеткізеді екен. Ал, қазір Каспий теңізінде бекіре өте аз қалыпты. Оларды аулап құртқан адамдар екен. Неге біз мейірімсіз боламыз, адамдар? 

 

САРАЙШЫҚ ТУРАЛЫ АҢЫЗ 

Сарайшық деген ертеде қала болыпты. Оны Жәнібек хан салдырыпты.

Ханның сұлу қызы болыпты. Хан қызына арнап, Сарайшықта жасанды көл жасапты. Оған қант сеуіп, сол тәттіге аққулар үйр болыпты. Жергілікті халық оны «Секеркөл» деп те атапты. Біреулері «Аққу көлі» депті. Ханның қызы аққулармен дос екен. Күнде көлге алтын қайығымен серуенге шығыпты. Ханның қызының  сұлулығы талайларды тамсандырыпты. Өкінішке орай, сұлу қыз қайғылы қазаға ұшырапты. Хан қызын алтын қайығымен бірге жерлепті. Сарайшық біздің Жайық өзенінің бойында. Туған жер туралы ертегі-аңыз мені арманға шақырады. 

ҚАРАТОРҒАЙ ТУРАЛЫ ЕРТЕГІ

Ерте, ерте, ертеде Қиғаш өзенінің жағасында Берік ата, Би ана өмір сүріпті. Олардың үлкен екі ұлы қалаға оқу іздеп аттаныпты. Үйінде кішкентай екі қызы қалыпты. Ақтөс деген иті, тарғыл мысығы, қызыл сиыры және Дос деген аты бәрі тату-тәтті тұрып жатыпты. Бір күні ерте көктемде Берік ата далаға шықса, кішкене ғана қараторғай аузына бірнәрселерді тістеп, шарбаққа бір кіріп, бір шығып жүр екен.

-Бұл неғып жүр?- деп бақыласа, үй шатырына ұя жасапты. Аналық қараторғай ұяда жатыр.

-Е, ұя жасап, балапан басып жатыр екен ғой,- деп Берік ата өз жұмысымен шұғылданып жүре беріпті. Біраз күн өткенде ұяда шиқылдаған дауыстар шығып, үпір шүпір үш сарыауыз балапанды байқапты. Қараторғайлар ұяға жем тасып, балапандарын өсіріп жатыпты. Бір күні түсте Берік ата жұмыстан келіп, тамақтанып, енді далаға шықса, қараторғайдың қатты шықылықтағаны естіліпті.

-Бұларға не болып қалды екен?- деп қараса, тарғыл мысық ұяға өрмелеп барады екен. Қараторғай сосын жанұшырып, мысықтың жан жағынан ұшып жүр. Мысық болса, елең етпестен: «Қоймасаң өзіңді де жеп қоямын, балапаның түгіл, мияу» деп тырнағын көрсетіп ырылдап қояды. Берік ата оны көре салысымен тарғыл мысыққа : «Кет былай» деп айқайлап, ұзын таяқпен мысықты жасқап, шатырдан түсіріп жібереді. Сосын ұяның айналасын торғай ғана сиятын етіп, сыммен торлап тастайды. Қараторғайлар жаз ортасынан ауа балапанын шығарады. Күз де жетті. Бір күні Берік ата жұмысқа бара жатса торғайлардың шиқылдаған даусын естиді. Жоғарыда бір топ қараторғай ұшып барады екен.

-Жылы жаққа кеттіңдер ме? Ұяларыңа келесі көктемде аман сау оралыңдар, -деп құстарға қош айтады. Қараторғайлар әлі де Қиғаш жағасындағы сол ауылға көктем сайын оралады деседі.

 


Ардақтым Ниетқалиева 2006 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. 2012 жылы Атырау қаласындағы №34 лингвистикалық гимназиысының бірінші сыныбына қабылданды. Алғашқы мұғалімі Гүлназ Шалтаева Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университетті қызыл дипломмен бітірген жас маман, өзінің де ақындығы бар мұғалім шәкірттерін ертегі, өлең жазуға баулыды. Ардақтым №34 мектептің 9-шы сыныбын үздік бітіріп, "Болашақ" көпсалалы Жоғары колледжіне фармация мамандығына оқуға қабылданды. Қазір аталған колледждің 4-курсында оқиды.


 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *