Ғарышта шырқалған Абай әні

Руханият
view 48
news

Фотосурет: e-history.kz

1998 жылы Абайдың «Көзімнің қарасы» әні алғаш рет ғарышта шырқалды. Оны орындаған – қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Халық Қаһарманы Талғат Мұсабаев. Бұл оқиға Абай әнінің ғарыш пен Жерді байланыстырған тарихи мәдени сәтке айналуына себеп болды. Осылайша, қазақ әні алғаш рет Жер шекарасынан асып, адамзаттың ортақ кеңістігінде жаңғырды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Қазақстан тарихы порталының мәліметінше 1990 жылдардың соңы – Қазақстанның тәуелсіздікпен түлеп, жаңа тарихи дәуірге қадам басқан кезеңі. Байқоңыр ғарыш айлағы Ресейге жалға беріліп, отандық ғарыш бағдарламалары жаңғырып жатқан тұста, қазақтың даңқты ұлы, ұшқыш-ғарышкер Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев екінші мәрте орбитаға аттанды. Ол «Мир» орбиталық станциясындағы ұзақмерзімді экспедицияның құрамында болды. Бұл жолғы миссия 29 қаңтардан 25 тамызға дейін жалғасты. Дәл осы сапар кезінде тың идея жүзеге асты.

 «Хабар» агенттігі мен «Қазақтелеком» компаниясы ғарыш пен Жер арасында тікелей телемост ұйымдастырды. Алматыдағы әйгілі «Медеу» мұз айдынында өткен «Азия дауысы» халықаралық фестивалінде көрермендер бұрын-соңды болмаған тарихи сәттің куәсі болды. Нұрлан Өнербаев Жер бетінде тұрып, ал Талғат Мұсабаев орбитада жүріп, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін дуэт түрінде орындады. Екеуінің үні қосылып, аспан мен жерді жалғады. Бұл жай ғана ән емес, бұл қазақ рухының шекара атаулыны бұзып, ғарыш кеңістігіне дейін жеткенінің айғағы, мәңгілік символы еді.

Бұл тарихи сәтті Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев былай деп еске алады: «Абайдың «Көзімнің қарасы» әні ғарыш пен жерді байланыстырған ән деп есептеймін. Мен өлеңнің бір шумағын айтсам, бір шумағын Талғат айтады. Бізді байланыстырған сол қазақтың әні, қазақтың өнері болатын. Мен ол кісіні аға ретінде сыйладым, ол кісі мені іні ретінде ерекше құрметтеді».Осы әсерлі сәттен кейін Мұсабаев «орбитаға гитара жіберіңіздер», – деп Жерге ерекше өтініш жолдайды. Тапсырманы орындау журналист Григорий Беденкоға жүктеледі. Ол арнайы сапалы гитара сатып алып, аспап бетіне: «Талғат Мұсабаевқа, орбиталық “Мир” кешеніндегі 25-экспедиция командиріне – “Хабар” агенттігінен естелік», – деп қашап жаздырады. Бұл музыкалық аспап Мәскеуге жеткізіліп, «Прогресс» жүк кемесі арқылы ғарышқа жөнелтіледі. Осылайша, қазақтың әуезі мен ұлттық рухы тек дауыспен ғана емес, нағыз музыкалық аспаппен ғарышқа жол тартты. Талғат Мұсабаев сол кезден бастап орбитада гитарамен ән салған әлемдегі санаулы адамдардың қатарына енді. Ал қазақ елі өз тілінде ғарышта ән шырқалған ұлт ретінде тарихта қалды.Мұсабаевтың орбитада алғаш рет гитарамен «Көзімнің қарасын» орындауы ұлт рухының шарықтауы еді. Бұл кәсіби жоспарланған іс-шара емес, бұл – жүректен шыққан шынайы сезім, Абайға деген құрметтің, еліне деген махаббаттың ғарыштағы көрінісі. Ол ән қазақтың мәңгілік классикасы ғана емес, сол сәтте бүкіл адамзатқа мәдениет пен руханияттың шекарасыз екенін дәлелдеген терең құндылыққа айналды.1998 жылы Қазақстан астанасының Алматыдан Ақмолаға (қазіргі Астана) ресми көшуі кең көлемде атап өтілді. Осы оқиғаға орай тағы бір тың идея жүзеге асты. Мұсабаев дәл сол орбитадағы гитарасымен қазақстандықтарды жаңа астанамен құттықтап, ғарыштан сәлем жолдады.Экспедиция аяқталар шақта тосын мәселе туындайды. Гитара «Союз» кемесіне сыймай қалады. Бірақ Мұсабаев бұл тығырықтан шығудың жолын тапты. Ол америкалық «Дискавери» шаттлының командирі Чарльз Прекортпен жеке келісіп, гитараны сол арқылы Жерге қайтаруды ұйымдастырады. Нәтижесінде бұл аспап тарихта екі түрлі ғарыш кемесімен (ресейлік «Прогресс» және америкалық «Дискавери») ұшқан, әрі екі дербес ғарыш бағдарламасын көрген әлемдегі жалғыз музыкалық құрал ретінде қалды. Бүгінде бұл ерекше жәдігер Астанадағы музейлердің бірінде сақтаулы.Ғарышкер кейінгі сұхбаттарының бірінде ашық ғарыш кеңістігіне алғаш шыққан сәтін тебіреніспен еске алады. «Алғаш рет ашық ғарыш кеңістігіне шыққан сәтімде дәл сол кезде "Мир" станциясы Қазақстанның үстінен өтіп бара жатты. Балқашты, Алатауды, Алматыны, Аралды анық көрдік. Бұл мен үшін өте тебіреністі сәт болды. Өз елімнің бейнесі маған батыр бабалардың батасын бергендей әсер етті», – деп сипаттайды ғарышкер. Бұл сөздер қазақтың даласы оған ғарыштан да ыстық көрінгенінің айғағы еді.Талғат Мұсабаевтың бұл әрекеттері жай ғана батырлық емес, ұлт рухын биікке көтерген шынайы мәдени символға айналды. Ғарыштағы ән – адамның туған еліне деген сағынышының, өнер мен ғылымның тоғысқан тұсындағы шексіз шабыттың көрінісі. Сол сәттен бастап қазақтың үні мен рухы ғарыш кеңістігінде өз орнын алған-ды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *