Шың басында – қос ақын...
Фотоколлаж: janabastau.kz
Абайды оқу – бір басқа, тану – бір басқа, ал табыну – мүлде бөлек әңгіме... Өйткені Ибраһим – біз әлі түсінбеген, тілін білмеген, ескермеген, елемеген, ұқпаған, ұға алмай жүрген дүниелерді баяғыда-ақ қағазға түсіріп кеткен тұлға.
Сонау XIX ғасырда Шыңғыстаудың етегіндегі Құнанбайдың қара баласы қиырда жатса да, көңілі Еуропада, Петерборда болған сияқты. Жай жатпай, замана ақындарымен үндес болғанына риза боласың...
Бұл кезең – Ресей жерінің кеңейген, сонау Қиыр Шығыс пен Кавказды, Орта Азия мен Қазақ жерін әбден бойына сіңірген тұсы. Бұл уақыт – орыс әдебиеті мен мәдениетінің жауыннан кейінгі қозы құйрықтай мәуелі шағы. Пушкин, Лермонтов, Тургенев, Достоевскийлер артына мол мұра қалдырған кезең.
Абайдың, әсіресе өзегіне жақын танымы мен толғауы ұқсас, «Татьянасы ортақ» Пушкинмен рухани үндес болғанына таң қаласың... таңданасың...
Менің жазбам – тарихи зерттеу емес, әдеби талдау да емес... Ол – әдеби сыншылардың алаңы. Менің түйгендерім – тек режиссерлік көзқарас. Сондықтан да әдебиет көшесіндегі «әкімдерден» артық кетсем... сөге жамандамаса деймін.
Жақында, ойламаған жерден А. Пушкиннің «Элегиясын» қайта қарауға тура келді. Әрине, Александр Сергеевичтің ұлы ақын екеніне дау жоқ. Оның ұлылығы – философиясында, дәлірек айтсам, лирикалық пәлсапасында...
Безумных лет угасшее веселье
Мне тяжело, как смутное похмелье.
Но как вино – печаль минувших дней
В моей душе чем старе, тем сильней...
Я путь унылый. Сулит мне труд и горе
Грядущего волнуемое море...
Ал енді Абайға келейік:
Есіңде бар ма жас күнің,
Кімді көрсең – бәрі дос.
Махаббат, қызық, мал мен бақ
Көрінуші еді досқа ортақ.
Үміт жақын, көңіл ақ,
Болар ма сондай қызық шақ?
Элегия... Лирикадағы бұл жанр – поэзияда да, музыкада да бар. Баянсыз махаббаттың мұңы... Бірте-бірте ақынды сары ала сағыныш пен өзекті өртеген шерге бөлейді. Өзінің «жастық» атты бекеттен байқамай түсіп қалғаны қынжылтады, қинайды... Сондықтан да сал ақын – сағым қуған дүниеге сыймай барады...
Элегия – көп ақындарда кездесе бермейтіні рас. Әсіресе, коммунистік кезеңде, Совет дәуірінде элегияға орын жоқ деген қағида болған.
Екі ақында да өткенге деген сағыныш – сары самаурынның қақпағынан төгілген ыстық судай, кемеріне сыймай тұр. Өткенге деген қимастық бар... Екеуі де поездың терезесінен қол бұлғап қала берген бағаналар тәрізді...
Бұл сұрақ емес – бұл өкініш. Адамның балалығын, балғын кезін сағынғандай... болмаса, көрші үйге қонаққа келген балауса қыздың саған ұрлана қарап жымиғанындай... немесе әлгі арудың алысқа, тым жыраққа біржола кетіп бара жатып, соңғы рет саған қараған сәтіндей...
Поэзияның құдіреті – кез келген оқырманды баурап алуында. Ақынның өлеңі таңғы шықтай мөлдір болса, әр үйдің терезесінен сәуле боп кіреді, нұрын шашады. Сондықтан да шын ақын – досың, сырласың, серігің, лүпілдеген жүрегіңнің соғысы іспетті.
Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық мол жылдар?!
Ақырын, ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау құрғырлар...
Абай өткен жылдарды емес, махаббатын іздейді, қымбатына «аһ» ұрады. Жанына жақын, жүрегіне жылы «құрғыр» сезімдерін сағынады... Бір ауыз сөзде қаншама сыйластық, сағыныш жатыр...
Иә... Абай – суреткер. Бірақ ол бояудың орнына сөзбен сурет салады. Қиыннан қиыстырған ер данасы. Қараңызшы:
Ақырын, ақырын шегініп...
Осы сөйлемде «ақырын» сөзі екі рет қайталанады. Бұл – ақын сөзінің аздығы емес, молдығы. Теңіздегі толқынның қайтқанындай қайталанады... Өзі айтқан – алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер...
Алға қарай жылжиық...
Пушкин:
Но не хочу, о други, умирать;
Я жить хочу, чтоб мыслить и страдать;
И ведаю, мне будут наслажденья
Меж горестей, забот и треволненья:
Порой опять гармонией упьюсь,
Над вымыслом слезами обольюсь...
Бұл жердегі «вымысел» сөзінің мағынасын өнер мен өлеңнен іздеген жөн. Иә, солай. Пушкин өлімнің заңдылығын біле тұра: «Я жить хочу...» – дейді.
Біздің Абай:
Жалынасың, боқтайсың,
Сағынасың, жоқтайсың.
Махаббат кетті, дос кетті,
Жете алмайсың, тоқтайсың.
Көзіме жас бер, жылайын,
Шыдам бер, сабыр қылайын.
Жаралы болған жүрекке
Дауа бер, жамап сынайын...
Жүрегі кеудесіне сыймаған ақын – бір сәт пендешіліктің емес, адамдықтың шыңына өрлеп, Құдаймен тілдескендей... тіл табысқандай... сыбырласқандай сырласқандай...
Бұл – Хакім Абай емес, Ақын Абайдың биіктігі.
Шың басында – қос ақын тұр. Олар – беймәлім таныс достар. Екеуі де рухани үзеңгілес. Екеуі де зар заманда запыран ішкен қос мұңлық. Оларға ортақ – Табиғат пен Тылсым күш, Поэзия хәм Философия.
Ойшыл оғландар.
Баяғыда бір жазғаным еске түсті:
«У гениев не бывает национальности...»
Шындық осы.
Адамзатқа – Күн ортақ, Жер ортақ, Су ортақ, және – Дана ақындары ортақ.
Алайда, осы жерде екі ақын – қос өзеннің бөлінген сағасындай... Еділ мен Жайықтай екіге айырылады.
Егер Пушкин өмірінің соңғы сәтінде бәрінен қалған көңіліне махаббаттың сәулесі тағы бір рет жарқ ететініне үміттенсе,
Абай –
«Көзіме жас бер, жылайын...
Шыдам бер, сабыр қылайын...» – деп,
Құдаймен тілдеседі...
Құдды пайғамбар...
Абайды осы сәтте Желмаяға мініп жерұйығын іздеген Асанқайғы дерсің...
Болмаса, қобызын қолына алып, тіршіліктің тамыздығын қалай тауыспауға болады деп Ажалмен арпалысқан Қорқыт па дейсің...
Амалсыздан Асқар Тоқпановтың айтқаны еске түседі...
Бірде бір жазушы Жамбылдан:
– Тәте, Абай қандай ақын? – деп сұрағанда,
Жәкең:
– Тәәйт әрі... Қызыңды ұрайын... Абай ақын ба екен... Ол – Пайғамбар ғой! – деген екен.
Аңыздың болғаны рас.
Абай – өз философиясын осылай қалыптастырды.
Әлемде Сократ салған пәлсапа соқпағында талайлардың ізі жатыр...
Бірақ маған жақыны – бізге етене таныс Абай философиясы:
Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?
Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?
Махаббат ғалауаатпен майдандасқан –
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?..
Абай философиясы осылай...
Шыңғыстаудан жоғары ұшып,
сонау көк аспанға... иә,
ғарышқа беттеген.
Құдды қазағының көңіліндей – тым асқақ, тым биік...
Талғат Теменов
Кинорежиссер,
Қазақстанның халық артисі, профессор
Пікірлер (0)