«Референдум – болашаққа ортақ жауапкершілік» – жастармен жұмыс жөніндегі маман пікірі
Фотосурет: дереккөз
Қосшы қаласы Жастар Ресурстық орталығының жастармен жұмыс жөніндегі маманы Мәншүк Оразбекқызы жастардың қоғамдағы орны мен рөліне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, ел тағдырын айқындайтын маңызды шешімдер халықтың тікелей қатысуымен қабылданғанда ғана өзінің шынайы мәніне ие болады. Осы тұрғыдан алғанда, референдум – мемлекет дамуының бағытын белгілейтін, тарихи жауапкершілігі зор қадам.
«Мен жастармен жұмыс жөніндегі маман ретінде өскелең ұрпақтың қоғамдағы орны мен рөлін айрықша сезінемін. Себебі бүгін қабылданған шешімдер ең алдымен жастардың ертеңіне әсер етеді. Сондықтан референдум – жай ғана саяси науқан емес, ол – болашаққа деген ортақ жауапкершіліктің көрінісі», – деді Мәншүк Оразбекқызы.
Маман қазіргі жастарды ойы сергек, көзқарасы айқын, ел тағдырына бейжай қарамайтын буын деп сипаттайды. Олардың қоғамдық үдерістерді саралай алу қабілеті, өз пікірін ашық білдіруі және саналы таңдау жасауға ұмтылысы – қоғамның кемелденуінің белгісі екенін атап өтті.
«Референдумға қатысу – әр азаматтың азаматтық парызы ғана емес, ел болашағына қосқан нақты үлесі. Өз тағдырымызға өзіміз жауапты болу – тәуелсіз мемлекеттің берік ұстанымы. Сондықтан жастар да бұл маңызды сәтте өз ұстанымын білдіріп, ел дамуына өз үлесін қосуы тиіс», – деді маман.
Сонымен қатар, Мәншүк Оразбекқызы әділетті, тұрақты әрі өркендеген қоғам құру жолында бірлік пен жауапкершілікті басты құндылық ету қажеттігін айтты.
«Сонда ғана қабылданған шешімдер баянды болып, болашаққа нық қадам жасай аламыз», – деп түйіндеді ол.
Пікірлер (0)