Жаңа белестерге бастар өнер мерекесі

Қосшы жаңалықтары
view 31
news

фотосурет: автордыкы

4 маусымда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне және Қосшы қаласының 5 жылдық мерейтойына орай, дәстүрлі «Jana beles» балаларды дамыту орталығының жыл сайынғы қорытынды концерті өтті.

Биыл төртінші рет ұйымдастырылған ауқымды концертке 300 оқушы қатысты. Олардың ең кішісі – 4, ең үлкені – 17 жаста. Жас өнерпаздар сахнаға шығу үшін бір ай бойы тыңғылықты дайындық жүргізген.

Осыған орай «Jana beles» балаларды дамыту орталығының жетекшісі Қосшы қаласы Аналар кеңесінің төрағасы Айгерім Кукеевамен сұхбаттасып, концерттің ерекшеліктері мен орталықтың алдағы жоспарлары туралы әңгімелестік. Орталық жетекшісінің айтуынша, мұндай ауқымды шараны ұйымдастыру кезінде алдымен балалардың қауіпсіздігі мен әр балаға деген жауапкершілік басты назарда болады.

– Бірінші орында балалардың қауіпсіздігі және әр балаға деген жауапкершілік тұрды. Концерт ашық аспан астында өткендіктен, ауа райына да алаңдадық. Егер қатты жел соғып, жаңбыр жауған жағдайда шараның деңгейіне әсер етуі мүмкін еді. Дегенмен бәрі сәтті өтті, – дейді Айгерім Асхатқызы.

Оның айтуынша, концерттен алған ең үлкен әсер балалардың қуанышы мен ата-аналардың шаттығы болған.

Бастысы, концертке қатысқан биші қыздарымыз өте бақытты болды. Ал олардың қуанышын көрген ата-аналардың бақыты бірнеше есе артты деп ойлаймын. Өз еңбегіңнің жемісін көргенде ерекше толқынысқа бөленесің. Әсіресе концерт соңындағы флешмоб көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Себебі барлық 300 оқушы бір мезетте бірдей би билеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді, – дейді ол.

Концерттің негізгі мақсаты – түрлі жастағы топтардың бір сахнада өнер көрсетуі арқылы тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау.

– Кіші топтар орта буынға, орта топтар ересек оқушыларға қарап тәжірибе жинақтайды. Сонымен қатар олар бидің әртүрлі бағыттарымен танысады. Бұл шара ата-аналарға балалардың жетістіктерін көрсету үшін де маңызды. Өз қызын үлкен сахнадан көру – әр ата-ана үшін үлкен мақтаныш. Мұндай сәттер ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайта түседі, – дейді орталық жетекшісі.

Соңғы жылдары түрлі флешмобтар мен фестивальдердің қарқынды дамып келе жатқанын айтқан Айгерім Асхатқызы болашақта ерекше жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отырғанын жеткізді.

– Алдағы уақытта ата-аналар мен балалардың қатысуымен ауқымды флешмоб ұйымдастырып, жаңа рекорд орнату ойымызда бар. Бұл бағыттағы жоспарлар әлі де пысықталуда. Басты мақсатымыз – Қосшы қаласының атын шығарып, ерекше жетістікке қол жеткізу, – дейді ол.

Орталық жетекшісі қазір балалармен және ата-аналармен жұмыс істеу үлкен күш-жігер мен жауапкершілікті талап ететінін атап өтті.

– Әр бала – жеке тұлға. Сондықтан әрқайсысына өзіндік тәсіл қажет. Осы ретте біздің жас болса да талантты хореографтарымыз үлкен еңбек сіңірді. Бұл фестивальде олардың еңбегінің нәтижесі анық көрінді деп сенемін. Ата-аналар, хореографтар және орталық басшылығы бір мақсатқа жұмылып жұмыс істегенде ғана жоғары нәтижеге қол жеткізуге болады, – дейді Айгерім Асхатқызы.

Бүгінде «Jana beles» орталығы өнер арқылы балалардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, олардың достық пен бауырмалдық қасиеттерін қалыптастыруға да ерекше көңіл бөліп келеді.

– Біз жаңа толқынға, жаңа белестерге қадам басып келеміз. Барлық оқушы бір үйдің баласындай. Олар ешқашан бір-біріне дөрекілік көрсетпейді. Орталығымыздың ең басты қағидасы – бауырмалдық, – деп түйіндеді орталық жетекшісі.

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *