Кунг-фу шеберін шапалақпен құлатқан қазақ - Қосшы қаласының тұрғыны!

Қосшы жаңалықтары
view 30
news

фотосурет: Қосшы қаласының мәдениет үйінен алынды

 

 Қосшы қаласының Қоғамдық мәдени-спорт кешенінде әлемдік Power Slap лигалары мен Naiza MMA жобаларының жеңімпазы, жерлесіміз Мұхаммед Амантаевпен кездесу өтті. Жастарға мотивация сыйлаған еркін форматтағы кездесуде спортшы өзінің спорттағы жолы, жеңістері мен өмірлік ұстанымдары туралы әңгімеледі.

Мұхаммед Амантаев Көкшетау қаласында дүниеге келгенмен, балалық шағы Қосшы қаласында өткен. Ол Рақымжан Қошқарбаев атындағы №1 мектепті тәмамдаған. Спортқа деген қызығушылығы ерте оянып, 8 жасынан бастап бокс үйірмесіне қатысқан.

Спортшы бала күнінде әкесімен бірге фильм көруді жақсы көргенін еске алды. Оның кумирі әйгілі актер әрі кикбоксшы Жан-Клод Ван Дамм болған. Сол кезде Мұхаммед оны азиялық актерлердің бірі деп ойлағанын күле отырып жеткізді. Кейін әлемдік кино жұлдызының өмір жолын тереңірек зерттей бастаған.

Кездесуде Мұхаммед халықаралық аренадағы алғашқы қадамы оңай болмағанын айтты. Алғашқы шетелдік жарысы АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтуге тиіс болғанмен, оған виза мәселесіне байланысты қатыса алмаған. Соған қарамастан, мойымаған спортшы кейін халықаралық Power Slap додасында әйгілі Қытай спортшысы Чжаомен кездесіп, жеңіске жетті.

Осы орайда баса айта кетер жайт, кунг-фу өнерімен айналысатын Чжаоның шапалақ сілтегенде адам терісінде алақан табы қалып қоятын жойқын соққысын дәріптеген жарнамасы жер жарып тұрған-ды. Алайда бұл жолы қосшылық Мұхаммед Амантаев оның бірнеше рет жұмсаған шапалағын шыбын шаққан құрлы көрмей, өз кезегінде кунг-фу шеберін есінен тандырып тынды. Осы бір сәт әлемге кеңінен тарап, Қосшы тұрғынының даңқы аспандап шыға келді. Қазір әлеуметтік желілерді ашып қалсаңыз, көз алдыңызда көлбеңдеп, сол сайыстың видеосы тұрады.

Өзінің айтуынша, ол Power Slap спортына арнайы бапкерсіз, жеке дайындалған.

– Үлкен ареналарға шығу үшін алдымен жүрек керек. Адам рухани және психологиялық тұрғыдан мықты болуға тиіс. Физикалық дайындық содан кейін келеді, – дейді спортшы.

Мұхаммедтің патриоттық ұстанымы да көпшіліктің ықыласына бөленді. Ол қазақ спортшыларымен Power Slap форматында жарысудан бас тартатынын ашық айтты.

– Қазақтарды шапалақпен ұрғым келмейді. Мен тек шетелдік спортшылармен күш сынасуға дайынмын, – деп отыр.

Осы орайда Қосшының мақтанышы әлемдік деңгейдегі жарыстардың бірінде өзін қынжылтқан жайтпен де бөлісті. Айтуынша, трибунада көптеген шетелдік жанкүйер арасынан қазақ жанкүйерлерін көре алмаған.

– Жарыстағы жалғыз өкінішім – бірде-бір қазақ жанкүйерін байқамадым. Барлығы шетелдіктер болды, – дейді.

Сондай-ақ Мұхаммед жеңістен түскен алғашқы қомақты қаражатты өзіне емес, отбасына жұмсаған. Алдымен әкесінің көлігін жөндетіп берген ол ата-анасының қолдауын әрдайым жоғары бағалайтынын жеткізді.

Naiza MMA жобасына дайындық кезінде спортшы бапкері Еламан Бөтенбаевпен бірге жұмыс істеген. Жекпе-жек алдындағы тактикалық жоспар да сол бапкермен бірлесіп құрылған.

Көрерменнің назарын аударған тағы бір жайт – Мұхаммедтің ареналарға Майкл Джексонның әйгілі «Beat It» әнімен шығуы. Оның айтуынша, бұл таңдау кездейсоқ емес.

– Кез келген жарыста есте қалудың үш маңызды сәті бар: шығу сәті, жекпе-жектің өзі және кейінгі сөзің. Осы үш нәрсеге жақсы дайындалсаң, жеңіс те, танымалдық та, табыс та келеді, – дейді спортшы.

Бүгінде Мұхаммед Амантаев алдына үлкен мақсат қойып отыр. Ол спорттағы жетістіктері арқылы Қазақстанды әлемге танытуды армандайды.

– Кезінде Конор Макгрегор шыққанға дейін көп адам Ирландия туралы біле бермейтін. Мен де өз спортым арқылы Қазақстанды әлемге кеңінен танытқым келеді, – дейді.

Кездесу соңында жастар спортшыға сұрақтар қойып, естелік суретке түсті. Өзінің еңбекқорлығы, отансүйгіштігі және ата-анасына деген құрметімен ерекшеленген Мұхаммед Амантаев осылайша жастарға үлгі боларлық тұлға екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *