Соғым науқанындағы дау: ет «шүйгін» бе, «сүйкімді» ме?

Жаңалықтар
view 134
news

Фотосурет: Еркеғали Болатұлы

Қазір соғым сою уақыты. Осы сәтте «Соғым шүйгін болсын!» дегенмен қатар, «Соғымың сүйкімді болсын дегенді де жиі еститін болдық. Алайда кей көзі қарақты қауым «бұл дұрыс емес, қазақ тілінде ондай сөз жоқ» деседі. Сол себепті massaget.kz тілшісі осының анық-қанығын мамандардан сұрап көрген, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Белгілі ғалым, профессор Нұргелді Уәлидің айтуынша, соғымы шүйгін болсын дегенде тұрған әбестік жоқ. Себебі қазақ тілек айтпаса, тұра алмайтын халық, тілек айту қанына сіңген.

Қазақ  этика мен мәдениетті тамаша игерген, түйсіне алған халық. Әрқашан жақсы тілек айтып, сөйлесушімен, айналасымен жағымды қарым-қатынас орната алған. Ешқашан тоң-торыс жүрмеген. Ал тілек айту шынайы ниеттен туатын дүние. Ешкім қинап, тілек айттырмайды. Кетіп бара жатқанға да, келгенге де тілек айтады. Ендеше «Соғымың шүйгін болсын деп айту – халқымыздың сөзсаптамына сай қолданыс. «Соғым шүйгін болсын тіркесі тілдік норма заңдылығы тұрғысынан алып қарасақ, ешқандай теріс қолданыс емес, нормаға сай тіркес, - дейді ғалым.

Оның айтуынша, «соғымның шүйгін болуы» «шөптің шүйгін болуымен» тікелей байланысты.

Шөп көктемде не жазда шүйгін бола алмайды. Шүйгін дегеніміз  шөптің бүкіл нәрі мен қорегінің бетке шығуы. Яғни, ол күзде болатын құбылыс. Күзде шөптің ұшына бар шүйгіні шығып, мал содан семіреді. Соғымның күзде сойылатыны да сол. Малды шүйгінге бағу, шүйгіндету, шүйгіту құнарлы жерге оттатудың белгісі, - дейді профессор.

Сондай-ақ ғалым, филология ғылымдарының докторы Рүстембек Шойбеков те «Соғым шүйгін болсын!» деген тілектің қазақта бұрыннан бар екенін растап отыр. Оның айтуынша, «сүйкімді болсын» дегеннен «шүйгін болсын» деп қолданған дұрыс.

Соғым шүйгін болсын дегені  соғымның еті жеуге тұрарлық, дәмді, майлы, құнарлы болсын дегені. Соғымның шүйгін болуы молшылықтың белгісі, деп түсіндірді ғалым.

Енді қос ғалымның бұл уәждерін өз тарапымыздан толықтыра кетсек...
«Шүйгін – қазіргі түсінігімізде шөбі құнарлы, суы мол, шұрайлы жер. Ал көне түркі тілінде өзгешелеу мағына меншіктенген: чівгін – тоқ, жұғымды, кенеуі мол ұғымында адам пайдаланатын ас, тағамға да қолданылған. «Чівгін аш» – жұғымды ас. Осы мағынада қырғыздарда сақталған чүйгүн – жұғымды (тамақ жөнінде). Біздің тілімізде де «Соғымың шүйгін болсын!» деген сөз бар. Ол соғымың кенеулі болсын, жұғымды болсын деген мағынада қолданылады» (Википедия).
Әрі қарай кеттік. Осы шүйгіннің мағынасын түсінбей, қабылдай алмаған біреулер «сүйкімді» деп таратып жіберген. Әйтпесе бауыздалған мал мен оның жіліктеп тастаған етінде қайдағы сүйкім?! «Бауы берік болсын!» дегендегі баудың кіндік екенін білмей, «Бауыры берік болсын!» деп жүргендер де көп. «Сәбиің алқаш болмасын!» дегені ме? «Туған күн» дегенді «туылған күн» деу де өз ана тілінің қаймағын қабылдай алмаған, кітап оқымаған біреулердің «сөздік қоры».
Жалпы, бұл шүйгін дегеніміз – шөпке қатысты «құнарлы», асқа қатысты «жұғымды» мағынасында қолданылған сөз. Кейін бізде шөпке қатысты ғана болып қалды. Бірақ соғым соярда, яғни жылына бір мезгіл асқа қатысты әлі де қолданып жүргеніміз рас. «Соғымың шүйгін болсын!» деу қолданыстан енді түспейді. Оны бәрібір сұлу, көркем, әдемі сөздерінің «сүйкімді» деген синонимі алмастыра алмайды. Сойылған малдың етін сүйкімді болсын деп тұрған логикаға да қайшы сөз ғой. Ал күйлі, семіз екенін көріп тұрып, сойылып қойғаннан кейін «күйлі, семіз болсын» деп тұрған тағы ұят. Сондықтан «жұғымды болсынның» көне түркі тілінен бері келе жатқан «шүйгін болсынын» қолдана бергеннің еш әбестігі жоқ.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *