Саясаттанушы: Экономикалық келісімдердің ашықтығы қоғам сенімін арттырады

Жаңалықтар
view 28
news

Фотосурет: дереккөз

Саясаттанушы Асхат Қасенғали экономикалық және халықаралық келісімдердің ашықтығы қоғам сенімін арттыруға ықпал ететінін айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, Қазақстанда экономикалық және әскери келісімдердің басым бөлігі көп жағдайда жариялана бермейді. Бұл жағдай қоғам тарапынан билікке деген сенімсіздікті күшейтеді.

«Әдетте экономикалық, әскери келісімдер бізде ашық жарияланбайды. Қоғам кейіннен “ол келісімде не жазылды?” деп үкіметтен талап етіп жатады. Мұндай жағдайды әлеуметтік желілерден жиі көреміз. Мысалы, еліміздегі көптеген экономикалық келісімдер 90-жылдары жасалды. Инвесторлардың бірі мұнай, бірі газ, енді бірі тау-кен саласына келді. Кейін де түрлі инвесторлармен келісімдер жасалды. Олардың мерзімі 10-15 жылға, кейде тіпті 20-25 жылға дейін созылады. Алайда сол келісімдердің көбі әлі күнге дейін ашық жарияланған жоқ», – дейді саясаттанушы.

Асхат Қасенғалидің пікірінше, келісімдердің мазмұны ашық болмағандықтан, қоғам тарапынан күмән мен артық сұрақтар туындайды.

«Тараптар қандай шарттармен келісім жасасқаны, кім қанша пайда табатыны, қандай міндеттемелер жүктелетіні ашық көрсетілуі тиіс. Бұл – қоғам мен билік арасындағы сенім капиталына тікелей әсер ететін мәселе. Ақпарат ашық болса, артық күмән де болмайды», – деді ол.

Саясаттанушы қазір талқыланып жатқан Конституцияның жаңа жобасында барлық заңдар мен Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарды жариялау нормасының енгізілуі маңызды қадам екенін атап өтті.

«Егер бұл жоба қолдау тапса, алдағы уақытта ратификацияланатын келісімдердің барлығы ашық жарияланады. Қазір мұнай-газ саласындағы көптеген келісімдердің мерзімі аяқталуға жақын. Алдағы уақытта жаңа келісімдер жасалады. Сол құжаттардың мәтіні халыққа ашық көрсетілуі тиіс. Өйткені басты заң соны міндеттейді», – деді ол.

Сарапшының айтуынша, халықаралық шарттарға экономикалық келісімдер, соның ішінде сауда, инвестицияларды қорғау, еркін сауда аймақтары, кедендік одақтар және қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімдер кіреді.

«Әскери-техникалық саладағы кейбір келісімдер белгілі бір деңгейде құпия сақталуы мүмкін. Алайда экономика, саясат, мәдениет, медицина, ядролық қауіпсіздік секілді бағыттардағы халықаралық шарттар міндетті түрде ашық жариялануы қажет», – деп түйіндеді Асхат Қасенғали.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *