Жабық шекаралар мен оқшауланудың уақыты өтті - Тоқаев

Жаңалықтар
view 143
news

Фотосурет: дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысты. Бұл ретте ол қонақжайлылық танытып, Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке алғыс айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевке ілтипат білдіріп, Әзербайжанның аталған кеңеске толық мүше ретінде қосылуын тарихи шешім деп бағалады. Бакудің жаңа статуста аймақ ынтымақтастығын кеңейтуге айтарлықтай үлес қосатынына сенім білшдірді.

Қазір Орталық Азия ауқымды трансформация кезеңін өткеріп жатыр. Жабық шекаралар мен оқшауланудың уақыты өтті. Мұны сеніммен айтуға болады. Ортақ күш-жігердің арқасында өңірдің ішкі бірлігі артты. Бұл елдеріміздің дамуына және халықаралық ынтымақтастыққа кеңінен жол ашты. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері өңірдің жаһандық үдерістерде маңызды рөл атқаратынын мойындайды. Сондықтан «Орталық Азия плюс» форматына қызығушылық артып келеді. Бұған биыл негізгі шетелдік серіктестермен өткен саммиттер дәлел бола алады. Менің ойымша, мұндай серіктестіктің басты мақсаты – өңірдегі тұрақтылықты нығайту және орнықты прогресс үшін жағдай жасау, елдеріміз бен халықтарымыздың әл-ауқатын, бақуатты тұрмысын қамтамасыз ету. Орталық Азияның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқынды дамыған әрі жан-жақты ынтымақтастық пен бейбітшілік орнаған берекелі өңір ретіндегі мәртебесін нығайтуды көздейміз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен, кездесу қорытындысы бойынша президенттер мынадай құжаттарға қол қойды:

1. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдемесі;

2. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 2027-2028 жылдар аралығында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қырғыз Республикасының кандидатурасын ұсыну бойынша БҰҰ-ға мүше елдерге үндеуі;

3. Әзербайжанды Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуінің толық құқылы қатысушысы деп тану туралы шешім.

Одан кейін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бірлескен мәлімдемесіне сәйкес, мынадай құжаттар қабылданды:

1. Орталық Азиядағы өңірлік қауіпсіздік, тұрақтылық және орнықты даму тұжырымдамасы;

2. Орталық Азиядағы қауіпсіздік тәуекелдері мен олардың алдын алудың 2026-2028 жылдарға арналған тізбесі.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *