БУЛЛИНГТІҢ АЛДЫН АЛУ: ҚАУІПСІЗ БАЛАЛЫҚ ШАҚ — ҚОҒАМНЫҢ ОРТАҚ МІНДЕТІ

Жаңалықтар
view 55
news

Фото

Қазақстан Республикасында «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және зорлық-зомбылықтың барлық түрінің алдын алуға ерекше назар аударылуда, деп JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі хабарлайды.

Осы бағыттағы маңызды міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллингтің алдын алу.

Буллинг — бір баланы немесе жасөспірімді жүйелі түрде қорлау, кемсіту, қорқыту, қудалау және оған психологиялық немесе физикалық қысым көрсету әрекеттері. Ол ауызша қорлау, күш көрсету, келемеждеу, қауесет тарату, қатарластарынан оқшаулау, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы қудалау түрінде көрініс табуы мүмкін.

Буллинг баланың психологиялық жағдайына, оқу үлгеріміне, өзіне деген сенімділігіне және қоршаған ортамен қарым-қатынасына кері әсерін тигізеді. Сондықтан мұндай жағдайларды дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қабылдау аса маңызды. Буллингтің алдын алу ең алдымен ересектердің балаға деген жанашырлығы мен назарынан басталады. Ата-аналар баласының күнделікті өміріне, мектептегі қарым-қатынасына, көңіл күйі мен мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аударуы қажет. Ең бастысы, бала өз мәселесін жасырмай айтып, ата-анасынан қолдау таба алатын сенімді орта қалыптастыру маңызды. Білім беру ұйымдарының педагогтері мен мамандары оқушылар арасындағы психологиялық ахуалды тұрақты бақылап, түсіндіру жұмыстарын, сынып сағаттарын, тақырыптық кездесулер мен тәрбиелік іс-шараларды жүйелі түрде өткізуі тиіс. Мұндай жұмыстар балалар арасында өзара сыйластықты, мейірімділікті, жауапкершілікті және бір-біріне құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталуы қажет.

Бұл ретте оқушылардың да жауапкершілігі ерекше. Әрбір бала өзге адамды қорлау, кемсіту, қорқыту, мазақ ету және оның жеке мәліметтерін рұқсатсыз таратуға болмайтынын түсінуі керек. Егер сыныптасының немесе құрдасының буллингке ұшырағанын байқаса, бейжай қарамай, мұғалімге, ата-анасына немесе мектеп психологіне хабарлауы қажет. Қазіргі уақытта кибербуллингтің алдын алу мәселесі де өзекті. Интернет пен әлеуметтік желілерді кеңінен пайдалану жағдайында балаларға цифрлық қауіпсіздік ережелерін үйрету, жеке ақпаратты қорғау және желідегі жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру маңызды.

Қазақстан Республикасында балаларды буллингтен қорғауға бағытталған заңнамалық негіз қалыптасқан. Қолданыстағы заңнамада буллинг пен кибербуллинг үшін жауапкершілік көзделген. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында балалар арасындағы зорлық-зомбылық пен қысым көрсету жағдайларының алдын алу және оларды анықтау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі — 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы. Құжат балалардың әл-ауқатын арттыруға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқықтарын қорғауға бағытталған.

Буллингтің алдын алу — тек білім беру ұйымдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бұл бағытта мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, ата-аналардың, психологтердің, құқық қорғау органдарының және азаматтық қоғам өкілдерінің өзара іс-қимылы маңызды рөл атқарады. Буллингтің алдын алу — тек орын алған жағдайларға әрекет ету емес, әрбір бала өзін қауіпсіз сезінетін, оның пікірі құрметтелетін және құқығы қорғалатын орта қалыптастыру.

«Заң мен тәртіп» қағидаты әр адамның құқығын құрметтеуден, заң талаптарын сақтаудан және өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қараудан басталады.

Әрбір баланың қауіпсіз әрі бақытты балалық шаққа құқығы бар. Буллингке бейжай қарамайық!

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *