«LEVEL UP: Қауіпсіз орта»: Ақмола облысында балалар мен жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған акция өтті.
Фото
2026 жылғы 13 қарашада Көкшетау қаласындағы Kokshetau Mall сауда үйінде Ақмола облысының балалардың құқықтарын қорғау басқармасының бастамасымен, Жастар ресурстық орталығы өкілдерінің қолдауымен «LEVEL UP: Қауіпсіз орта» атты жастар акциясы ұйымдастырылды, деп JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – балалар мен жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, өз құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ буллингтің, зорлық-зомбылықтың, интернеттегі қауіптердің және құқық бұзушылықтардың алдын алу болды.
Акция интерактивті форматта өткізіліп, жастарға өз білімдерін тексеруге, түрлі тапсырмаларды орындауға және мамандармен тікелей пікір алмасуға мүмкіндік берілді. Атап айтқанда, «Құқығыңды біл!» QR-викторинасы, «Дұрыс шешім қабылда!» құқықтық онлайн-сұрау алаңы және «Қауіпсіздік – өз қолыңда!» тақырыптық сауалнама ұйымдастырылды.
Іс-шара аясында балалар мен жастарға, ата-аналарға құқықтық сауаттылық, қауіпсіздік, буллингтің алдын алу, интернет кеңістігіндегі қауіптерден қорғану және қиын жағдайларда көмекке жүгіну жолдары бойынша ақпараттық жадынамалар таратылды. Қатысушыларға өз құқықтарын қорғау және түрлі өмірлік жағдайларда дұрыс шешім қабылдау жөнінде пайдалы кеңестер берілді.
Іс-шара барысында қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау, олардың белсенділігін арттыру және жағымды атмосфера қалыптастыру мақсатында концерттік бағдарлама ұсынылды. Музыкалық нөмірлер мен шығармашылық қойылымдар акцияның мазмұнын толықтырып, қатысушыларға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Сонымен қатар, Ақмола облысы білім басқармасының Психологиялық қолдау орталығының психолог мамандары балалар мен жастар арасында сауалнама жүргізіп, олардың өзекті мәселелерін, психологиялық ахуалын және мамандардың көмегіне деген қажеттіліктерін зерделеді.
Акцияның маңызды бөлігі «Мамандардың ашық кеңесі» форматында өтті. Қатысушыларға құқықтық және психологиялық мәселелер бойынша жеке кеңестер беріліп, өздерін толғандырған сұрақтарына құзырлы мамандардан нақты жауаптар алу мүмкіндігі ұсынылды.
Ашық кеңес жұмысына Ақмола облысының балалардың құқықтарын қорғау басқармасы, Ақмола облысы прокуратурасы, Ақмола облысы полиция департаменті, Ақмола облысы білім басқармасының өкілдері және Ақмола облысының Адам құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі қатысты.
Кездесу барысында мамандар балалар мен жастарға өз құқықтарын қорғау, заң алдындағы жауапкершілік, құқық бұзушылықтардың алдын алу, буллинг пен кибербуллинг жағдайларында әрекет ету, сондай-ақ психологиялық көмек алу мүмкіндіктері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ата-аналарға балалармен сенімді қарым-қатынас орнату, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қиын жағдайларда қолдау көрсету бойынша ұсынымдар берілді.
Іс-шара қорытындысында балалар мен жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіздік мәселелеріне назар аударуға және қажетті жағдайда көмекке жүгіну жолдарын түсіндіруге бағытталған жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар, құқық қорғау құрылымдары, психологтер және жастар ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға мүмкіндік туды.
«LEVEL UP: Қауіпсіз орта» акциясы балалар мен жастардың өз құқықтарын білуіне, қауіпсіз орта қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған маңызды ақпараттық-түсіндіру алаңы болды.
Пікірлер (0)