Ұстазы жақсының ұстамы жақсы

Жаңалықтар
view 234
news

Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті ұстаздың қолында.

Ұстаз елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақ тәрбиелейді. Рухы таза, ой-өрісі биік, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қасиеттер мен білімін болашақ ұрпақтың кәдесіне жаратып, қоғамды өрге өркендетуші, жаңашылдықтың бастаушысы – ұстаз. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» деп, қалай дәл тауып айтқан. Ұстаз – әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ. Осындай өнегелі өмірінен үлгі алатын ұстаздардың қатарында ағылшын тілінің мұғалімі Гүлжиян Исина бар. Отыз жылдан артық ғұмырын ұстаздық жолға арнаған, өз мамандығын жаңылмай тапқан ізденімпаз, жаңашыл жан. Осы бір қиын да қызықты мамандықтың иесі болған тынымсыз ұстаз талай шәкіртті білім нәрімен сусындатып, өз бойындағы бар жақсы қасиетін сіңіре білді. Білімді де білікті ұстаздың шәкірттері бүгінгі күні жоғары оқу орнын аяқтап, белді қызметкер атанып та жүр. Ал мектепте білім алып жатқан оқушылары жақсы нәтиже көрсетіп, қалалық, облыстық сайыстардың жеңімпазы атануда. Гүлжиян Қайырбекқызы оқушыларының білімін жетілдіріп қана қоймай, өзі де біліктілігін арттыра отырып, талай жетістіктерге жеткен. Оның дәлелі – бірнеше ғылыми мақалалары баспада жариялануы. Сондай-ақ шетелдік ғалымдармен бірлесе отырып, авторлық еңбектер жазды. Мәселен, «Busines English»(Астана, 2015), «English for masters» американдық Дж.Мано (АҚШ) бірлескен авторлық жұмысы (Астана, 2014 жыл) және ағылшын грамматикасы бойынша практикалық тапсырмалары мен ережелер (Астана, 2011). Отандық баспасөз бетінде бұлардан басқа да бірқатар мақалалары жарияланды. Сондай-ақ білім ұясында жастардың ерекше қызығушылығын оятып, адамды сұлулыққа тәрбиелейтін би үйірмесі жайлы айта кетсек жөн болар. Бұл үйірмеге би өнерінің майталманы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, хореограф Марат Қуанышбек жетекшілік етеді. Бірнеше жылдар бойы үздіксіз республикалық жарыстардың жеңімпазы болып келді. Үйірмеге қатысушы оқушылардың жүрегінен орын таба білген ұстаздың еңбек нәтижесі де көз қуантады. Республика күнінде ұйымдастырылған іс-шараларда Марат Қуанышбектің жетекшілігімен орындалған «Қазақ биі» көрермендердің көзайымына айналды. Аз уақыт ішінде шебер сыныбынан өткен оқушылардың қоржыны бірнеше бимен толықты. «Тынымсыз –ізденіс, түбегейлі – нәтижеге» жұмыс жасайтынын ескерсек, М.Қуанышбек шәкірттерінің ішкі дүниесін байытып, өскелең ұрпақтың рухани дамуына, қазақы дәстүріміздің жалғасын табуына, өзге ұлттың да болмысын құрметтей білетін, болашаққа шабыт беретін саналы буынды тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосып келеді. Бұдан бөлек, №3 мектебінде өтізіліп жатқан қосымша білімнің, оның ішінде қолөнер үйірмесінің де атқарар рөлі ерекше. 2021 жылы есімі Қазақстан Білім саласы үздіктерінің энциклопедиясына енгізіліп, төсбелгімен марапатталған, ұлттық қолөнерді насихаттауда Шығыс Қазақстан, Астана, Алматы өңірлерінде ұйымдастырылған аудандық, қалалық, халықаралық көрмелердің жеңімпазы, көркем еңбек пәнінің ұстазы Ертай Сәрсенов туралы да бөле-жара айтуға болады. Оны өнер жолына келуіне себепші болған әкесі мектеп табалдырығынан қолға алып, жан-жақты шыңдады. Атадан балаға берілген бұл өнер шеберге арғы атасы Сәрсеннен жұғыпты. Атасы ертоқым шауып, тері илеген, ат әбзелдерін жасаған, сонымен қатар әрі аңшы, әрі сері адам болған екен. Мінекей, атадан тараған дарындылық бүгінгі таңда өз жемісін беруде. Ертай А лтайұлының қазіргі таңда 10-ға жуық шәкірті қолөнермен қызыға айналысып жатыр. «Шебердің қолы ортақ» деген мақал ел ішінде бекер айтылмаса керек. Нағыз шеберлікке жету үшін табандылық, іскерлік, талғампаздық, білім қажет. Оның да өз шәкірттерінен талап ететіні осы қасиет, оларға әрдайым ерінбей еңбектену керектігін айтып отырады. Әрбір шәкірт қолөнерді дамыту арқылы ұлттық рухымызды асқақтата беретіні сөзсіз.

Би-Барыс КӨКШЕ

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *